Қарбызды қалай таңдау керек

(0 Votes)

Жаз басталысымен тұрғындардың көп саудалайтыны көкөніс өнімдері.

Шілденің шіліңгір ыстығында да ең қажетісі қауын-қарбыз екені бесенеден белгілі. Тұтынушыларға не керектігін біліп алған базардағы саудагерлер де  жасылды-сарылы өнімді алдыңа  көлденең тосады. Аңқаны кептірген аптапта аңсарыңыз бірден осыған ауары әбден анық. Ірілі-ұсақты дүкендер де олардан қалыспайды, салқындатқыштың астына қойып саудасын жүргізеді. Егіндіктерінде өздері өсіретіндер де, алыстан арбалап тасып, үстеме бағаға сатып нәпақа табатындардардың да жетеді. Қазіргі уақытта қарбыздың келісі 150 мен 200 теңгенің аралығында, қауынның келісіне 500-600 теңге сұрайды. Десе де бағасына қарап жатқандар шамалы, шегіп жібергенде мың теңгеден едәуір асып жығылатынын өңгеріп кетіп жатқан бір адам...

Біздің өңірде қарбыз-қауынның сатылып жатқанына біраз уақыт болды. Десе де кейбір білгіштер қарбызды, әсіресе қауынды жеуге әлі ерте дейді. Жеңсік асты татып көргендердің біразы өзге жақтан әкелінгенінің іші қызыл болғанымен дәмсіз екенін, ал, жергілікті жердікі ақшылдау болып шығатынын айтады.  Содан соң «осыны жеп алып, уланып қалмас па екенмін?» деген ой көпке дейін іштей маза бермегендерін тағы қосып қояды. Өйткені мұндай өнімдерден келер қауіп көп. Мұның бірден-бір себебі, бау-бақша өнімдерінің бақылаусыз саудаға өтіп кетуі. Оның үстіне, көпшілігі сырттан тасымалданады. Өнімді көп және тез арада жинау мақсатында бақшалық дақылдарға тыңайтқыштар қосылады. Оның бірі азот қышқылының тұзы – нитраттар. Тыңайтқыштың аз мөлшері адам ағзасына зиянын тигізбегенімен, олардың шектен тыс болуы өте қауіпті. Баяғының ештеңе қоспай-ақ бабында піскен, іші қырауланып тұратын, пышақтың ұшы тигенде қарс айырылатын қарбыздар жоқ бүгінде.

p

Дәл қазір сатылымдағы қауын-қарбыз нитраттан қаншалықты таза, адам денсаулығына әсері жайлы сауалымызға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жоғарыдан арнайы нұсқаулықты күтіп отырғанын айтып, әзірге тексеріс жүргізілмегенін жеткізді.  Бұл ретте әзірге айтар ақылымыз қарбыз құрамындағы нитраттарды анықтаудың халықтық тәсіліне жүгініңіз. Егер өнімді қақ ортасынан бөлгеннен кейін бетінде ақ немесе сары талшықтар көзге көрініп тұрса, оны жеуге асықпаңыз. Екінші тәсіл, қарбыздың мәйегін алып, ыдыстағы суға саласыз, егер су алқызыл түске боялса, бұл өнімнен де мүлде бас тартыңыз.

Диқаншылықпен айналысатындар сол нитратсыз қауын-қарбыздың өсіп кетуі, пісуі қиындау екенін алға тартады. Сол себепті де мұндай қоспаларды пайдалануға мәжбүр көрінеді. Мамандар талап бойынша нитраттың негізгі жарамды көрсеткіші қауында 90 мг/кг, қарбызда 60 мг/кг болу керек дегенді айтады. Ал артық нитраттар бауыр, бүйрек ауруына, асқазанның қатерлі ісігіне, жүйке және жүрек-қан тамыры ауруларына алып келіп соқтырады. Нитраттар қарбыздан бөлек, қырыққабат, қияр, сәбізде де кездеседі. Қазақта «ауру – астан» деген сөз бар, сондықтан әр тұтынушы өз денсаулығына келер қауіп-қатердің алдын алып, абайлағаны абзал.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT