Қар жауса

(0 Votes)

 

Ақ көбікке толатындай басқан маң,

Қыс келсе екен күні бұрын жасқанған.

Жер бетіне арман тамып тұрғандай,

Жапалақтап қар жауса екен аспаннан.

 

Жатпайтының әлдекімдер көп елеп,

Бұл ғажапты көзімізбен көрер ек.

Көңілдерді алабөтен сергітсе,

Дүниені қаптап аппақ көбелек.

 

Аялдаса сезіміңе арбау сәт,

Тыныштықты үркітіп бір алмау шарт.

Кір-қожалақ дүниені ағартып,

Шіркін-ай бір, үйіп-төгіп қар жауса.

 

Қадіріне жеткізердей тегістің,

Бірдей қылып биігі мен еңісті.

Біздің жаққа сәніменен қыс жетіп,

Ақ мамықпен қымтап өтсе жер үстін.

 

Ойда-жоқта салмақ тауып әр білек,

Омбылаумен жүрсек-ау бір қар күреп.

Аппақ қармен жаңа үміттер оянып,

Алабөтен тазарар да әр жүрек.

 

Жүректердің тазаруы бастысы,

Жамандықты ойлай қоймас шат кісі.

Күздің соңы сұрқай тартып кеткенде,

Орнаса екен туған жердің ақ қысы.

 

Жер үстінен жойылғандай кір іздер,

Жандар жүрер жанарлары гүл үзген.

Сапқа тұрмай болмайды енді дегендей,

Суат жаққа мал барады бір ізбен.

 

Уайым болса сап тиылып жан жеген,

Аяз шақса денең ширап әлденер.

Қайран бала құр қалар ма қызықтан,

Кесектесер бірін-бірі қарменен.

 

Қар деген ол үлбіреген тазалық,

Шырай берер көңілдерге назалы.

Жылан ирек үскірігі ысқырып,

Тентек боран ала берсін мазаны.

 

Ақ көбелек аялдашы, арбау сәт,

Жұдырықтай жүрегіңмен маздау шарт.

Туған жерге сәніменен қыс келіп,

Шіркін-ай, бір төгіп-төгіп қар жауса

 

                                                                                              Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521