Антология жарық көрді

(1 Vote)

Жуырда облыстық Мәдениет басқармасының тапсырысымен жүзеге асырылған жоба бойынша ХХ ғ. композиторлар шығармашылығынан «Атырау өлкесінің әндері», «Атырау өлкесінің күйлері» атты Антологиялары жарық көрді.

Бұл рухани қазынаны жинаған кітапқа Құрманғазы ауданы бойынша жауынгер композитор Смағұл Көшекбаевтың бірнеше әндері, әнші-термеші Хаттар Дүйсемәлиевтің, Мәдениет Уалитовтың, жазушы Рахымжан Отарбаевтың, Құрман Сатыбалдиевтің, Ибраким Хабибуллиннің, бейнелеу өнері саласының Халықаралық «Тұран» сыйлығының иегері Қуандық Мәдіровтің әндері, Макуза Бабакиевның, Есенғұл Қаражановтың, Төлеген Мұхановтың, Жексенбай Тәжібаевтың әндері кірді.

Осы сазгерлер арасында облысқа танымал мәдениет саласының майталманы, 200-ден аса әндер мен оннан астам күйдің авторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Талапқали Зайнуллиннің шығармашылыған енген бірнеше туындыларға тоқталып өтуді жөн көреміз.

Антологияның 1 томына композитордың 1993 ж. облыстық байқауда көпдауысты хорда орындалып, жоғары бағаға ие болған, авторына «Әуесқой композитор» куәлігін «алып берген» әйгілі «Азғыр жастарының әні» (өлеңі құрманғазылық ақын Фатихолла Маштаховтікі) алынды. Сонымен бірге танымал журналист, ақын Таңатар Дәрелұлының өлеңіне жазылған «Дара» әні де бар. Бұл белгілі ел азаматы, жазушы Рахымжан Отарбаевтың 60 жас мерейтойына арналған арнаудың нотасы аудандық «Серпер» газетінен (16.06.2016) алынды.

Осы орайда «Серпер» газетіне қатысты есте қалған мына жәйтті айтып өткім келеді. Ғылыми жоба атқарушылары 60-шы жылдардан бастап шыққан аудандық, облыстық газеттерді сүзіп шығып, ондағы жарияланған композиторлар есімі мен ән-күйлер туралы ақпараттарды, фотолар мен ноталарды жинауды мақсат еткенбіз. Құрманғазы ауданына іссапарымызда уақыттың тығыздығынан демалыс күні де жұмыс жасауға тура келді. Аудандық «Серпер» газетінің редакциясында тиянақтылық пен еңбекке деген құрметті көріп таң қалмасқа болмады. Бізге сөрелерде 1960 жылдардан бастап түгелдей тігіліп жиналған «Ленин жолы» газеттері ұсынылды... Бір ғана мысал келтірсек, газеттің 1987 жылғы 17-қаңтарындағы (№8) нөмірінде Елемес Мағазовтың «Бір өзің» деген әнінің нотасы жарияланыпты. Бұл автордың өзі де жоғалтып таппай жүрген әні екен. Тігілген газет беттерінен күйшілер, аудан хоры, оркестрі туралы материалдар табылды.

Осы мақаланы пайдалана отырып, Құрманғазы ауданындағы кәсіби журналистер қауымына үлкен алғысымызды білдіріп, редакцияның жылдар бойы сабақтасқан дәстүрі жалғастығын таба берсін деп еңбектеріне табыс тілейміз.

antalogiya

Талапқали Сұлтанмұратұлының құрманғазылық ардагер қарт Социал Сәрсемәлиевтің өлеңіне жазылған Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы қарсаңында шыққан «Махамбет – рухы мәңгілік» әні де Антологияға таңдалды. Бұл шығарманы алғаш рет кәсіби әнші Еділ Мұхамбетәлиев орындаған, ән 2012 жылы өткен «Әуелесін әніміз» облыстық хор және вокал топтарының байқауында лауреат атағына ие болды. Сонымен бірге композитордың жергілікті мұғалім Гүлбаршын Өтемісованың өлеңіне жазылған «Ақ Жайық – алтын мекенім» және журналист Қанат Ғұмаровтың өлеңіне жазылған «Құрманғазы – құт мекенім» (2018) әндері де назардан тыс қалмады.

Сазгердің облыс көлемінде жүлделі орын алған көптеген әндері бар екендігі белгілі, десек те жинаққа бүкіл облыс композиторларының шығармалары таңдалатындықтан әндерді шектеулі алдық. 1 томға енген екі жүз қырық үлгінің алпысқа жуығы бұрын соңды жарыққа шықпаған әндер.

Жаңалығы мол Антологияның 2 томындағы 130 күйдің тең жартысы алғаш рет жарық көріп отыр. Бұл еңбектің құндылығы да осында. Құрманғазы ауданынан Жаңханов Ишанғалидің «Таң сәрі» және Мұғаш Дәулетовтың «Торқалы той» күйлері ұстаз С.Тәжіғалиевтың хаттауында алғаш рет жарияланды. Құрманғазы ауданының тумасы Сәрсенбай Бүркітовтің «Қыр гүлі», «Қос қарағай» күйлері де тұңғыш жарияланды. Ерғали Есжановтың күйлері өнер зерттеуші Қуаныш Кипиевтің нотаға түсіруінде, ал Тілеген Жұмалиевтің «Ел қуанышы» күйі Талапқали Зайнуллиннің нотаға түсіруінде алғаш рет жарияланды.

Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Т.Зайнуллиннің «Балдәурен» күйі және 2014 жылы шығарған «Алмас қылыш» күйі алғаш рет жарық көріп отыр. «Алмас қылыш – өткір, тот баспайтын ер қаруы, бұл күйді Махамбет бабам рухына арнадым» – дейді автор. Күйшінің «Жебелі ақын» күйінің шығу тарихы туралы: «Махамбет қырғынға ұшыраған Тасоба деген жер бар. Онда шашылған адам сүйектері мен жебенің ұштарын көретінбіз. Бәрі көз алдымда, естен кетпейді. Есейе келе тарихына бойлап, түсіндік. Күйімді Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық тойы қарсаңында бабамыз рухына арнадым» – дейді автор. «Жебелі ақын» күйі 2003 жылы республикалық жабық конкурста жүлделі ІІІ орын алды. Шәрипа Жәменованың орындауында күй-альбомға шықты (2014).

Бақыт Тұрмағамбетова,

Өнертану кандидаты

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521