Андрей тілшінің баласы

(0 Votes)

Биылғы қоңыраулатып келген қоңыр күзде Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің шыға бастағанына 90 жыл толады.

Ауданның жалғыз түйір басылымында әр жылдарда жұмыс жасаған басшы-қосшы қызметкерлер мен штаттан тыс авторларының есімдері жаңғырып, тірілері разы боларлықтай, өлілерінің сауабы тиерліктей естелік мақалалар аудан айнасының әр санында жарық көруде. Өте құптарлық іс. Өзгенің бақытын өзінікіндей сезініп, ортақ мүдде жолында шырын-шыжық болатын журналистер қауымының еңбегі тым құрыса осындай сәтте еленуі керек - ақ қой.

«Серпермен» бірге сонау бір жылдары аудандық баспаханадан бір шығып, жұртшылыққа бірге тараған орыс тіліндегі «Красный Каспий» деген газет болыпты. Бізге сол газеттің там-тұм тігінділері ғана жетті. Қызметкерлері дегенде Андрей көкені ғана көзіміз көрді. Қартайса да қатарынан қалмай, топырақты өлімде, көпшілік шараларда аузынан әзілін өргізіп, маңайын қыран-топан күлкіге бөлеп, айнала маңға ақ шуақ үйіріп жүретін, жарықтық! Андрей Иванович айтыпты деген әзілдер ауданның қай түкпіріне барма, алдыңнан жиі шығады. Мысалы: «Ауданға кім бірінші басшы болып келсе, Адайдың жігіті ме, онда мен де Адаймын, Беріштен болса, мен де Беріш, Байбақтыдан болса, онда мен де Байбақты дейтін руданмын» дейтіні...

Андрей Иванович Никешин 1959 жылдан бастап, 1960 жылға ұласатын жылдардан бергі уақытта «Серпермен» қанаттас шыққан «Красный Каспийдің» жортқанда аяғы жерге тимес тілшісі болған. Ол, әрине бөлек әңгіменің желісі.

Жақсылардан жоғалмас із қалса, өлі аруаққа одан артық не керек? Андрей Ивановичтің жоғалмас ізі - ұрпақтары. Баршасы да айтулы әке мен аяулы ана Никешина Анна Васильевнаның мәңгілік рухтарын ұлықтап жүргендер. Әкесі аудандық орыс газетінде істегендіктен екен өзінің айтуы бойынша, «Серпер» редакциясына Володясы тым үйірсек. Әсіресе осы жолдардың авторына.

Редакция деген мекемеде қай бір оңды дүние бар, бірінде газеттің ұзақ жылдарғы тігінділерін көтере алмай үлкен шкафтың тұла бойы босап кетіпті. Енді болмаса құлайды. Не істеу керек дегенде ойыма осы Володя Никешиннің түсе кеткені. Сау болсын ара, балта, балға, тескіш, қысқашын құшақтап көп кешікпей жетіп, тігінділерді түсіріп, әлгі шкафты жаңалады да берді.

Тігінді демекші, ол ұзақ жылдардан «Атырау», «Прикаспийская коммуна», міндетті түрде «Серпер» газеттерін жаздырып алдырады. Владимир Никешин газеттерді оқып болғаннан соң қол сүртуге, не бір нәрселерді орауға беретіннен емес. Әр газетті бөлек-бөлек жинап қояды екен, мұның неге деймін ғой ақ көйлек досқа. –Әкеге деген құрметім,-дейді Андрей тілшінің баласы.

Жақсының жақсылығын айт хақында әңгіме өрбітсек, осы Құрманғазы ауданының төл перзенті. 1956 жылы 10 желтоқсанда туған. 1964-1974 жылдар аралығында ауданның Ломоносов орта мектебін бітіреді. 1974 жылы Астраханның «Автокөлік жолы» техникумына оқуға түсіп, 1979 жылы оны үздік тәмамдайды. Бұлай ұзаққа созылуы техникум студенттерін ол уақытта оқуларын үзіп армия қатарына жіберіп алатын-ды. Владимир Никешин де екі жыл Кемерово жерінде әскери борышын өтеп, старшина шенінде өзі оқыған техникумына қайыра оралады.

1980 жылы ол әкесі Андрей Ивановичтің ұзақ жылдарғы жұмыс орны сол кездегі Теңіз аудандық «Өсімдік қорғау стансасына» агроном болып жұмысқа орналасады. 1987 жылы әкесі зейнеткерлікке шыққанда оның орнына одан әрі басшылыққа ұжымның қалауымен Володя Никешин таңдалады. Басшылық қызметінде ол 1999 жылға дейін еңбек етеді. Өндірістен қол үзбей жүріп бір кездері әкесі қызыл дипломмен аяқтаған Саратов ауыл шаруашылығы институтын Агрономия факультеті бойынша оқып, түседі. 1999 жылы мекеме Құрманғазы аудандық инспекциясы болып қайта құрылғанда Владимир Никешин бас маман лауазымында еңбек жолын жалғастырады. Содан қашан зейнетке шыққан 2019 жылдың 10 желтоқсанына дейін табан аудармай дәл қырық жыл жұмыс жасап, әкесі Андрей аға сияқты ыстығына күйеді, суығына тоңады.

Ауыл, ауданның құрметтісі Володя Никешин бұл күндері жұбайы Загирова Асия Сабирджанқызы екеуі ұрпақтары Ольга, Андрей, Анастасияның бір-бір шаңырақ болып қалыптасып, арлы жолдан ауытқымауларына септесуде. Жиеннің үлкені Артем Астрахань медицина университетінің ІІІ курс студенті. Мемлекеттік тілдің шынайы жанашыры, «Серпер» деген қара шаңыраққа қашан да алаң көңілде жүретін, атамекеннің ардақты ұлы, бір кездегі Андрей тілшінің баласы Володя-Владимир Андрейұлы Никешин осындай ел жанды азамат, ақжүрек дос.

Таңатар Дәрелұлы,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

«Серпердің»ұзақ жылдарғы

Бас редакторы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521