Алғыс айту күні – бұл өткен ғасырдағы қуғын-сүргін салдарынан Қазақстанға еріксіз қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерінің қонақжай халқымызға деген ыстық ықыласын көрсететін сәті. Тәуелсіздіктің қиын жылдарында тарихи отанына бет бұрмай, еліміздің болашағына сеніммен қарап, басқа түскен ауыртпалықтарды иық тіресе бірге еңсерген барлық азаматтарымыздың бір-біріне құрмет білдіретін күні.
Ауданымызда да басқа ұлт өкілдері бар. Олардың сіңісіп кеткені соншалық қазақпен құдандалы болып отырғандары да аз емес. Бұл олардың да туып-өскен мекені, кіндік қаны тамған жері. Осы уақытқа дейін оларды ешкім кеудеден итеріп, шеттетіп көрмеген. Барлығы да жергілікті ұлт өкілдерімен өзара сыйластықта ғұмыр кешуде. Біз тіпті олардың қазақ емес екеніне назар аударып көрмеппіз. «Алешка», «Сашка», деп жүре береміз.
Кудряшов ауылдық округінде тұратын Татьяна Горбачева осы ауылдың төл тумасы. Әкесі Федор Сутырин ұжымшарда ұзақ жыл балықшы, анасы Галина бағбаншы болып еңбек еткен. Бұл отбасында Юрий есімді ұл мен Татьяна тәрбиеленген. Кейіпкеріміз 1985 жылы Кудряшов атындағы орта мектебіне 1 сыныпқа барып, 1995 жылы 11 сыныптық білім алып шықты. 1997 жылы Астрахань қаласындағы №1 жоғары кәсіби училищеде оқып, 1998 жылы жақсы аяқтап, лаборант-эколог мамандығын алған. 2001 жылы 1 желтоқсан күні Кудряшов ауыл тұрғыны Виктор Горбачевпен тұрмыс құрды. Отбасылық өмірде 1 қыз, 1 ұл тәрбиелеуде. Қазіргі уақытта үй шаруасында. Кудряшов ауылдық округіндегі «Каспийские зори» фольклорлық ансамблінің жетекшісі. Бірнеше жыл қатарынан ауылдық, аудандық, облыстық мәдени шараларға белсене араласып өз үлесін қосып келеді. «Қоғамдық жұмыстарда белсенді. Қандай шараға шақырсаң да бас тартпайды, қатысады. Сол үшін құрмет тұтамыз. Аудан әкімінің, 2020 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай «Қазақстан – татулық пен бірлік мекені» фестиваліне қатысқан үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау облыстық филиалы төрағасының, округ әкімінің, ауылдық клуб меңгерушісінің алғыс хаттарымен марапатталған», дейді аталмыш округтің әкімі Сақтапберген Ертелеуов.
– Осында туып-өстім. Мектеп бітіргеннен кейін де басқа елге кетейін деген ойым болған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыртпалықтарды қазақтардың ортасында өткіздім. Бәрі тоз-тозы шығып жатқан кездерде жас болсақ та талай қиындықтарға кездестік. Сонда мен ата-анаммен қатар, қазақ ауылдастарымның да қолдауын сезіндім. Бізде ешкімді де ұлтына қарап шеттету болған емес. Елбасымыздың бастауымен сол қиындықтардың бәрін бірігіп жеңдік. Бақытымды да туған ауылымнан таптым. Қонақжай қазақ халқы қандай құрметке де лайық. Қазақтың сайын даласындай кең пейіліне, дархандығына, қашан да көмекке әзір тұратындығына әрқашан да тәнтімін. Сонау қиын замандарда талай ұлттардың өкілдерін ағаш вагондарға тиеп, қақаған қыста қар жамылған далаға әкеліп төккенде, қазақтар оларды өздерінің шағын ғана жер үйлерінде паналатқанын тарихтан білеміз. Сұрапыл соғыстың уақытында Кеңес Одағы оларды майдан шебінен алыстатып тастауды ғана ойлаған сияқты. Олар да адам, азаматтарымыз ғой деп баспанамен, азық-түлікпен қамту жағына бастарын ауыртпаған. Міне, сондай қиын сәтте қазақтар оларды тағдыр тәлкегіне тастамаған. Өздері жетісіп отырмаса да қолында барымен бөліскен. Мен де Алғыс айту күнінде жомарт жанды барша қазақ халқына алғыс айтқым келеді. Бірлігіміз берік, іргеміз бүтін болып, Тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесімізді қоса берейік, - дейді Татьяна Федорқызы.
Қанат ҒҰМАРОВ