«Қанатымен су сепкен қарлығаштай»

(1 Vote)

Қай кезеңде де көнермейтін, қайта күн өткен сайын құны арта түсетін бір мамандық болса, ол – дәрігерлік. Қазіргі таңда әр адам шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап бүкіл өмір бойы осынау абзал жандардың қамқорлығында болады десек, артық айтпаймыз.

Сондықтан да дана халқымыз «Әуелгі байлық – денсаулық» деп тұжырымдап, қашанда дертке дауа, көңілімізге дем берер шипагер жандарды ерекше қадірлеген.

Қауіпке қарамай қатерлі дертпен күресу – елді жаудан қорғағандай ерлікпен пара-пар іс. Себебі, тәжтажал аранынан адамдарды аман алып қалу үшін медицина өкілдері бар қаруы – білім мен қажыр-қайратын вирустың күшін бәсеңдетуге жұмсап келеді. Сол жанкешті күресте 1 жылға жуық үзбестен жұмыс жасап, әлі де «қызыл аймақта» ең ауыр науқастардың жанында жүрген аға медбикелердің бірі – Света Түсәлиева. Бүгінгі кейіпкеріміз 1976 жылдың 12 қазанында Астрахань облысы, Володар ауданы, Коровье селосында дүниеге келген. 1993 жылы Алтынжар селосынан орта мектепті тәмамдап, 1993 жылы Астрахань медицина колледжіне оқуға түсті. Онда үш жыл білім алып, «мейірбике ісі» мамандығын алып шықты. Қазіргі таңда Орынбор мемлекеттік медициналық университетінде қашықтан білім алып, 3 курсында оқуда. 1998-2000 жылдар аралығында Коровье селосындағы акушерлік пунктте медбике болып жұмыс жасады. Өз ісіне мұқият, жұмысы тиянақты жас маман Астрахань қаласындағы инфекциялық аурухананың No6 бөлімшесінде қызметін жалғастырды. 2002 жылы Света Сәдержанқызы Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылының тұрғыны Қажымұрат Түсәлиевпен шаңырақ көтерді. Бүгінде екеуі Нұржігіт есімді ұлды тәрбиелеп отыр. 2003 жылдың қараша айынан бастап Құрманғазы аудандық «Қанатымен су сепкен қарлығаштай»орталық ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне медбике болып орналасып, қазіргі уақытқа дейін үзбестен бір жерде абыройлы еңбек етіп келеді. Содан бері 20 жылға жуық өңір жұртшылығының денсаулығын сақтауда аянбай тер төгуде. Бар күш-қайратын, жалынды жастығын осы салаға арнаған кейіпкеріміз кәсіби маман атанып, ортаға танылды. Осы уақыт ішінде қаншама жанның батасын алып, қаншама науқас дертінен айықты.

driger1

Елімізге қатерлі індет кіріп, бар ауыртпалық медицина саласы қызметкерлеріне түскенде Света Сәдержанқызы да білекті сыбанып, маңдай терді сыпыра қызметке кірісті. Күн-түн демей, науқастардың дәрігерлер белгілеген емін аса жауапкершілікпен уақтылы орындауда. Жас медбикелерге білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін беруден аянбайды.

- Бірінші толқында 6 маусымнан бастап коронавируспен ауырғандар көптеп түсе бастады. Сол уақыттан бастап біз инфекциялық стационарда, яғни КВИ жұқтыру ошағында қалып күні-түні жұмыс жасадық. Қатерлі дерттің жұқпалы жағдайынан бірнеше әріптестерім ауырып та қалды.

Екінші толқында заманға сай барлық материалдық базасы нығайтылған жаңа ауруханада қызметімізді жалғастырдық. Вирустан қорғайтын арнайы обаға қарсы киімді күні бойы киіп жүру де үлкен ыңғайсыздық тудырады. Бұл медицина қызметкерлерінің ауыр еңбегін көрсетеді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, бұл жұмыстың бір бөлігі ғана. Бөлімшеде әркім өзінің функционалдық қызметін атқарады. Қазір Аллаға шүкір аурулар саны азайды. Ауруханада 6 науқас ем алуда. Жастары ұлғайған, қосалқы аурулары барлар көптеп түседі. Біз олардың ағзаларының барлық қызметін бақылап отырамыз. Кейбірін жасанды оттегіге қосып қоямыз. Күнделікті анализдерін қарап, өзгерістеріне көңіл бөлеміз. Қан қысымын күніне бірнеше рет, қан құрамындағы оттегіні бірінші кезекте бақылап отырамыз, - дейді кейіпкеріміз.

Індеттің алдын алу жолында, жалпы күнделікті қызметінде медицина қызметкерлері өз істерінде жауапкершілікпен, біліктілігімен, жылы сөз, ізгі лебіздерімен адам жанын жадыратып, тез жазылуына ықпал етеді. Осы орайда, аудандық орталық аурухананың аға медбикесі, тәжірибелі маман Света Түсәлиева сияқты ақ халатты абзал жандардың да үлесі зор екені кәміл. Біз жаман ауруды «қанатымен су сепкен қарлығаштай» болған осындай нәзік жандылардың қайырымды, мейірімді шипасының арқасында жеңіп шығамыз. Көктемнің жайдарлы мерекесімен кейіпкерімізді құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

А.ШАКУПОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521