Отбасылық зорлық-зомбылықтың салдарынан елімізде жыл сайын кем дегенде 80 әйел көз жұмады. Бұл туралы Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Марат Әбішев республикалық БАҚ құралдарына айтқан болатын.
Марат Әбішевтің сөзінше, елімізде жыл сайын 150-ге жуық әйел ауырып, 200-ге жуығы орташа және 4000-нан астамы жеңіл жарақат алады. Күн сайын полицияға 300 хабарлама түседі. «Олардың әрқайсысы алаңдатарлық жағдай – әйелдер мен балаларды ұрып-соғу, мүгедекке айналдыру немесе өлтіру.
Жыл басынан бері әкімшілік жауапкершілікке 50 мың адам тартылса, қылмыстық жауапкершілікке 700 адам тартылды. Соңғы 5 жылдың ішінде халық саны 10 пайызға өсті. Ал қылмыстық құқық бұзушылықтар 7 пайызға төмендеді. Қалай болғанда да бұл сандар нақты көріністі көрсетпейді. Негізінен отбасындағы жанжалдар көбінесе құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметкерлер назарынан тыс қалып жатады. Тіпті жүйелі түрде ұрып-соғу, қорқыту, психологиялық зорлық көрсету болса да. Сарапшылардың пікірінше, әрбір үшінші әйел мұндай жағдайға тап болады, - деді Бас прокуратура өкілі.
Осыған орай, Жаңаталап ауылдық округінің клубында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күні аясында «Аналар зорлық-зомбылықсыз өмірді қолдайды» тақырыбында аудандық семинар өтті.
Оның модераторы аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова тақырыптың мән-мақсатына тоқталып, мәселенің өзектілігін айқындады. Мультимедиалық слайд арқылы зорлық-зомбылықтың түрлерін, шараны өткізуге негіз болып отырған себебін түсіндірді. Семинарға қатысушыларды да таныстырып өтті.
Аудандық ата-аналар кеңесінің төрайымы, адвокат-заңгер Ұлмекен Сапарова «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы Заңы» жөнінде жан-жақты түсінік беріп, бұл бағытта ауданда орын алған жағдайларды фактілермен келтіріп, аудандық сотқа келіп түскен істер, қолайсыз отбасы, кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыстарға тоқталды.
«Зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге көмек көрсету және оның алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар» бағытында аудандық полиция бөлімінің инспекторы полиция майоры Базаргүл Қараева хабарлама жасап, Атырау қаласындағы «Отбасын қолдау орталығына» орналасқандарға көрсетілген көмек жөнінде айтып өтті.
Аудандық полиция бөлімінің инспекторы полиция майоры Айгүл Мирасова тақырыпқа орай өз пікірін толықтырса, психолог Жазира Болатқызы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанынан ашылған «Отбасын қолдау кабинетінің» жұмысымен таныстырды.
Қатысушылармен кері байланыс жасалып, семинарды аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова қорытындылады.
Айнагүл Шакупова