Аналар мерекесі аталып өтті

(0 Votes)

Аудандық орталықтандырылған кітапханада «Ана деп көркем жыр төккен, Армысың, ару, нұр-көктем» тақырыбында кездесу кеші өтті.

Алдымен шараға арнайы шақырылған қонақ Күмісай Насиеваға мерекелік көңіл күй сыйлау үшін тосынсый жасалды. Бет әрлеуші және шаш үлгісін жасаушы мамандар Эльмира Мұхтарова, Диана Жұмабаева оны сұлу ханшайымға айналдыру үшін жұмысына кірісіп кетті.

Кітапхана библиографы Гүлайна Утепова «Айдай ару, күн нұрындай аналар» атты кітап көрмесіне шолу жасады. Одан әрі әдіскер Ақмоншақ Төреханқызы түрлі салада абыройлы еңбек еткен және бүгінде өз мамандықтарына адалдық танытып, көпке үлгі болып жүрген майталман мамандармен сырлы сұхбат жүргізді. Полиция қызметінде ұзақ жылдар жұмыс жасап, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Жұмазия Мұқанова, құрылыс саласының ардагері, күміс алқа иегері Тамара Қапашова, жеке кәсіпкер, фармацевт Рая Жұмабаева, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нурия Баймұханова, кітапхананың тұрақты оқырманы Ақсұлу Үмбетқалиева мерекелік сауалдарға жауап беріп, жылы естеліктерімен бөлісті.

Бұдан кейін шараның басты кейіпкері әдемі шаш үлгісі жасалған, бет-жүзі әрленген Күмісай Бекжанқызы көрермендер қошеметімен ортаға шақырылды. Оған шарадан естелік ретінде бірнеше көйлек сыйға ұсынылды. Аудан өнерпаздары Аманжан Халықов, Айнамгүл Жақсымбетова әсем әндерін орындады.

Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса жүрекжарды лебізін білдіріп, барша нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтады. Шараны аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Анар Нуриқызы қорытындылап, қонақтарға естелік сыйлықтарын табыстады.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT