Аналар ұлығыланған күн

(0 Votes)

«Ұлттық құндылық – тәрбиенің түп қазығы» тақырыбындағы форумның пленарлық мәжілісі аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде ашылып, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов қатысушыларды құттықтап, аудандық аналар кеңесінің атқарған жұмыстарынан хабардар етіп, марапаттаулар жасады.

Сафон ауылдық округі «Салауатты, саналы округ», Асан ауылдық округі «Салауатты саналы ауыл» аталымын иеленді. Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрайымының орынбасары Баян Ахатай «Құрманғазы ауданына 95 жыл» төсбелгісімен марапатталды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға тоқталып, әлеуметтік желідегі уақыт ысырапшылдығы етек алуда екенін айтқан Ассамблеясы республикалық  Аналар кеңесінің төрайымының орынбасары Баян Ахатай Құрманғазы аудандық аналар кеңесінің жұмысын өзге өңірлерден келгендерге үлгі етіп: – Біздің ұсынған жобамызды Құрманғазы ауданы «Қара өлеңге шапан жауып қайтарды», дегендей басқа креативті ұсынысын берді. Ата-аналарды жинап алып нашақорлықтың зардабы, баланың тартатын сазайы, апаратын жері деген мәселені айтсақ, соның бәрін шығармашылықпен байланыстырып, әдемі «Қауіпсіздік сағатын» өткізді. Айтқанымызды дамытып, арнасын өзгертіп, өзгеше  рең беріп отыр. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймын. Балғаным апай үлкен жұмыстар атқарғанын көрдіңіздер. Ата-ана мектеппен байланысын үзбеуі тиіс. Балаларымыз қайда болса, бізде сонда болмасақ, әлеуметтік желіде аңдып отырғандар көп. Оларға біз құшағымызды ашпасақ, басқалар бауырына тартады. Қауіпсіз қоғам құруда ісіміз жалғаса берсін. Өзіміз осындай жиналыста отырғанда: «Балам, қызым не болып жатыр?» деп уайымдамайтын мамыржай қоғамда өмір сүрейік,– деп, Республикалық Аналар кеңесінің құрылғанына 10 жыл толуына орай Алғыс хатпен ардагер аналар Сара Алпысова, Рая Елеусізованы ұлығылады. «Esbol» республикалық корпоративтік қорының төрағасы Жандос Ақтаев нашақорлықты алдын алу бағытында атқарып отырған жұмыстарына тоқталып өтті. Форум одан әрі  «Елдіктің мұраты, қоғамның қуаты - анада» тақырыбымен ТЕДх форматындағы конференцияға жалғасып, оны «Жас аналар мектебі» клубының жетекшісі Жамал Хасанова жүргізді.

Соңында Атырау облысы әкімі  жанындағы  әйелдер  істері  және  отбасылық  демографиялық  саясат  жөніндегі   комиссияның   хатшысы   Замзагүл Жалмурзина, Атырау облыстық  мәслихатының депутаты, Аудандық  аналар  кеңесінің  мүшесі, «Жансая» көшбасшы  аналар  клубының  және  «Салауатты  сана» жобасы  бойынша  ақпараттық  түсіндіру тобының  жетекшісі  Замзагүл Карсакова, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева, Атырау  облысы  Ішкі саясат басқармасының  «Қоғамдық  келісім»     КММ –нің басшысы  Ләззат Жылқышиева, Құрманғазы ауданы  Аналар кеңесінің төрайымы  Балғаным  Хасенова сахна төріне көтеріліп, бір топ адамдарға Алғыс хаттар, түрлі медальдар, аталымдар табыс етті. Форум жұмысы Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрлығайын Нұғыманов ақ батасымен мәресіне жетті.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT