Құрманғазы аудандық Аналар кеңесінің жоспарына сай "Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт" республикалық жобасының бірінші бағытында белгіленген отбасы құндылықтары бойынша әңгіме түріндегі "Кешкі шәй" акциясы аясында Аналар кеңесі мен "Алқа" Жас Аналар клубы 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Абай атындағы орта мектебінің мәжіліс залында "Аналар жеткен жетістіктің сыры" тақырыбында мерекелік кездесу өткізді.
Шараны Жас аналар клубының жетекшісі Ақжамал Меллатқызы жүргізді.Мектеп директоры Жамал Әдебиетқызы кіріспе сөз сөйлеп шараны ашты. Жас аналар арнайы дайынлалған орындарға жайғасқан қонақтарды мерекемен құттықтап, олардың өмір жолдары туралы сыр - сұхбат жүргізіп, жастарға үлгі ретінде ұсынып отырды. 25 жыл сауыншы болған, "Алтын алқа" иегері Ұлжан Хайсақызы бала тәрбиесінде енесінің қамқорлығын ерекше атап, жұмыс қаншама ауыр болғанмен отбасы басты құндылық екенін айтты. Педагогтар династиясының анасы Гүлжан Бақышқызы отбасында балаларды еңбекке, мамандыққа баулуға тоқталды. 42 жыл бір мекемеде жұмыс жасаған почта - байланыс саласының ардагері "Күміс алқа" иелері Қатира Садиққызы отбасындағы қыз бала, келін тәрбиесіне тоқталды. Мемлекеттік қызметтің ардагері 15 жыл округ әкімі болған Зауре Қайыржанқызы отбасындағы анасының әкені құрметтеу ,силау бағытындағы берген тәрбиесі, келіндік ғұмырында бағдар шам болғанын айтты. 103 жастағы Шәміл ананы бағып, балаша күтіп отырған келіні Мария Зинетоллақызының әңгімесі жалпы қатысушыларға, жас аналарға үлгі аларлық болды. 45 жыл мұғалім болған Ирина Ихсанқызымен сұхбат ұстаздық жұмыс, шәкірт тәрбиелеу бағытында болды. Денсаулық саласы ардагері Ғалия Зинетуллақызы мамандығы бойынша жұмысы мен отбасын, бала тәрбиесін қатар алып жүру, жас келіннің төркінімен, келген жерімен байланысы, туралы анасының берген тәрбиесіне тоқталды. Бақтылы Құспанғалиқызы "Күміс алқалы" ана, үш келіні қолында бірге тұрады. Отбасының бірлігі мен ынтымағының арқасында отбасылық кәсіп ашқан. Жалпы мерекелік кездесу кезінде жағымды, көңілді орта болды. Жас аналар отбасы құндылықтары бағытында көп ақпарат естігенін айтып ризашылық білдірді.
Шараны Аналар кеңесі төрайымы Балғаным Хасенқызы қорытындылады, кеңес мүшелері қонақтарға, жас аналарға Алғыс хаттар табыстады . Жас Аналардың "сәлем салып" құрмет білдіріп марапаттарын алуы өте әсерлі болды