«Анаға тағзым» шеруі

(0 Votes)

Ауданымызда өткен Атырау облыстық Аналар форумы аясында аудан орталығындағы  Демалыс алаңында «Анаға тағзым» атты аналар шеруі ұйымдастырылды. Шеруде Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы атағын алғандар, Ұлы  Отан  соғысына  қатысып, соғыстан  кейін әртүрлі  салада еңбек  еткен  8 соғыс  ардагерінің ұрпақтары, өнерпаз аналар, «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлері, аудандық аналар кеңестері мен клубтарының мүшелері, жас аналар, округтерден келген аналар, барлығы 10 лек жүріп шықты. Барлығы да ұлттық киімдері өздеріне жарасып, аналардың ұлылығын көрсетіп, еркін адымдады.

Аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық  саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Амангелді Мұратов: – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша республикалық Аналар кеңесі мен оның өңірлік бөлімшелері «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана» жобаларын іске асыруда. Жобалардың басты мақсаттары ұлттық отбасылық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді сақтау, дәріптеу, келешек ұрпаққа жеткізу, оларды сабақтастықты қалыптастыра отырып тәрбиелеу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, нашақорлық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу. Аталған жобалар бойынша ауданымызда бірқатар жұмыстар атқарылып келеді, – деп, әр шаңыраққа шаттық, ынтымақ, бірлік, жемісті еңбек тіледі. 

Келесі кезекте аналарымызға  тазалық пен пәктіктің, бейбітшілік пен тұрақтылықтық символы ретінде  ақ орамал табысталды.

«Домбырашылар» ансамблі Д.Нүрпейісованың «Науысқы» күйін орындап, Шортанбай ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Самал Өтепова Т.Айбергеновтің «Ана» өлеңін оқыды.

Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова алыстан ат арытып келген қонақтарға ризашылығын білдіріп: – Бұл шеруді өткізуге биыл рұқсат етіліп, мерекені тойлау жөнінде тұжырымдама шығарылып, республикадан концепция келді. Бірақ, төтенше жағдайға байланысты, Атырау облысында, соның ішінде біздің Құрманғазы ауданында бұл мерекені тойлай алмадық. Мереке аясында «Аналар шеруін» өткізейік деген жоспарымыздың бүгін сәті түсіп жатыр. «Тағзым» сөзінің мағынасы «құрмет көрсету», «бас ию», «табыну», дегенді білдіреді екен. Міне, бүгін аудан аналары бір жерге жиналып, ең бірінші өзімізге ақ сүт берген аналарымызды, Дина шешемізді  еске түсіріп, соның жолын жалғап отырған өнерлі қыз-келіншектерімізді алдымен өткіздік. Ауданда Құрметті азамат атанған 23 ана болса, өмірде бары-11, соларды ойға оралтайық, елімізді басқарған Миллат Сабирова, Сәркен Нұрғожина, алдымызға шығып ақ тілегін айтатын Дәметкен Серікбайқызы анамызды, тағы басқаларын сағынышпен еске алайық деп басқа да аналарды кезекпен шеруде жүргіздік. Келесі лекте Динадан кейін, соғыс жылдары майданның ортасында болған, қандары төгілген, жастық шағын бес жыл бойы ұрыс даласында өткізген аналарымыздың  көршілері, ұрпақтары өткенін көрдіңіздер. Себебі  олар елге аман келіп, ұрпақ өсірді, тәрбиесін берді. Өздері жоқ болса да көздерін көрген көршілері арқылы еске алып тағзым етейік, ұрпақтарына ризашылығымызды білдірейік  деген ниетпен сіздерді «Анаға тағзым» шеруіне шақырдық,– деп Алматы, Астана қаласынан қатыса алмай жатқан аналардың сәлемін жеткізді. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT