С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде аудандық Аналар кеңесі сиыр жылын қорытындылады.
«Ана – елдің, отбасының шамшырағы» атты Торқалы тойымыздың 30 жылдығына орай өткізілген шарада бала тәрбиесінде жаңылмай, парасатты ұрпақ өсіріп, салиқалылығымен үлгі болған ақ жаулықтылар ұлықталды.
Алдымен концерттік бағдарлама қойылып, онда Динадан Хиуазға дейінгі нәзік жандылардың дара жолы насихатталып, Айымгүл Саматова, «Сырғалым» қыз-келіншектер клубының мүшелері, «Наз» би тобы, «Нұршуақ» аналар ансамблі мен Жазира Сәрсенғалиева, Гүлім Дүйсенбай сынды өнерпаздар өнер көрсетті.
Кейін аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Әдебиетқызы сөз алып, жиналған көпшілікті келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, маслихат хатшысының Алғыс хатын әр салада еңбек етіп жатқан әйел басшыларға табыстады.
Осы ретте, ағымдағы жылды қорытындылау үшін аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова мерекелік лебізін білдіріп, игі істің басынан табыла білген кеңес мүшелеріне алғысын айтып, оларды аудан әкімінің орынбасары және аудандық Аналар кеңесінің Алғыс хатымен марапаттады.
Ал, аудандық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Тамаша Көпешова ұйым атынан білім саласына елеулі еңбегі сіңген ардагерлерге Алғыс хатын ұсынды.
Салтанатты жиынды С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің әншісі Толыбай Қажыгереев «Анашым» әнінмен аяқтады.
Жайдарлым Қайреден