Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Құрманғазы ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Гаухария Төкестаеваның «Ана – берекенің бастауы» тақырыбында есеп беруі және «Мен анамын ұрпағын әлдилеген» атты аналар байқауы өтті. Шара аталған мәдениет үйінің өнерпазы Заря Қуанышқызының орындауындағы «Ана» әнімен ашылды.
Құрманғазы ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Гаухария Кінамақызы өз есеп беруінде жыл ішінде атқарылған жұмыстардан хабар етіп:
– Округ жанындағы аналар кеңесінің құрамы 13 адамнан тұрады. Олардың ішінде педагог – 6, мәдениет саласынан – 2, зейнеткерлер – 2, әртүрлі мамандық иелері – 3 ана. Ұлты бойынша екеуі орыс, он бірі қазақ. Сонымен қатар, аналар кеңесі құрамының әрбір мүшесіне қоғамдық жұмыстар бөлініп берілген. Аналар кеңесінің құрамына алған сәтте белсенді, әрбір іс-шараға қатысатын, берілген тапсырманы орындайтын адамдарды іріктеуді басты назарда ұстадық және оны округ әкімшілігімен, жұмыс орынындағы басшысымен ақылдаса отырып жүзеге асырдық. Арнайы ереже, жобалық-нұсқаулар мен функциялық міндеттер бойынша жылдық жұмыс жоспарымызды жасақтап, аналар мен қыз-келіншектер, жас ұрпақ тәрбиесіне бағытталған әртүрлі іс-шараларды өткізіп келеміз. Бала әкесіне, қыз анасына, іні ағасына, ұжым басшысына қарап бой түзейді. Бұл даусыз аксиома! Бізде аудандық аналар кеңесіне қарап, білмегенімізді сұрап, ақылдасып жұмыс жасаймыз, – деп жасының үлкендігіне қарамай түрлі шараларға белсене қатысып жүрген зейнеткерлер Балапан Тайпақова, Гүлбағила Байменова, Гүлшарат Жақсылықова, өз пікірін ашық айтатын Динара Ғатауова, қолөнер шеберлері Ғалия Рысқалиева, Ардақ Қаржауова, қоғамдық ұйымдармен біте қайнасып жұмыс жасайтын округ әкімі Абдуррахман Муса, округтің маманы Октябрят Төлеуғалиқызын жылы лебізбен атады. Қазіргі таңда ауылдық округтің есебінде 6611 әйел, 86 «Алтын алқа», 126 «Күміс алқа» иелері барына тоқталды. Округ жанынан құрылған «Ақ тілек», М.Әуезов орта мектебінде «Ақжаулығым қазынам» әжелер ансамблі жұмыс жасайтынын айтып өтті.
Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса:
– Бүгін жастар, ұрпақ, адамзат тәрбиесінде үлкен мәні мен мағынасы бар шаралардың біріне куә болып отырмыз. Баршаңызға округтің, өзімнің атымнан үлкен ризашылығымды білдіремін! Ақы төлеп жасаса да мұндай үлкен жұмыс осындай дәрежеде атқарылмас еді. Бірақ, Гаухария Кінамақызы басқарған ұйым қандай қиындықтар болмасын әрбір шараға мән мен мағына беріп, оның өз деңгейінде өтуіне және сонымен қатар адамдардың санасынан, жадынан өзіндік бір орын алуына үлкен көңіл бөледі. Бұл Гаухария Кінамақызының кәсіби шеберлігі, қызметіне адал берілгенінің арқасы. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас», дегендей және осы жұмысқа ұйымдағы аналар атсалысып, кәсіпкерлеріміз қолдау білдіріп жүр. Гаухария Кінамақызының толағай теңіздей атқарған қызметіне, берген есебіне өте жақсы деген баға беремін,– деп Әлия Сахаева, Гүлбаршын Меңдіғалиева, Ардақ Қаржауова, Майра Амирова, Наслиха Исаева, Ақжамал Нысанова, Әсем Таяшованы Алғыс хаттармен ұлықтады.
«Мен анамын ұрпағын әлдилеген» атты аналар байқауына 50-ден жоғары жастағы әжелер, 35-50 жас аралығындағы аналар, 35 жасқа дейінгі келіндер қатысты. Мақсаты – аналар мен әжелердің өнегесін жалғастыру, қоғамның түрлі саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізген қайсар аналардың тыныс-тіршілігін насихаттау, жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту және дәріптеу. Байқау «Өздерін таныстыру», «Ата-баба дәстүрі әдептіліктің негізі» (өнер бөлімі), «Ұлттық өнер ұлттық тағам», «Аналарға әсемдік жарасады» (сән көрсету) сияқты бөлімдерден тұрды. Әжелер, аналар, келіндер үш командаға бөлініп бақ сынады.
Екінші бөлімде әжелер командасы бесікке салу рәсімін көрсетті. Қойдың майы мен адыраспанды түтетіп бесікті аластап, сәбиді бөледі. Қосылып ән шырқады. Аналар тобы сәбиді қырқынан шығару дәстүрін орындады. Келіндер тобы күзетші мен дәрігер, перзентханаға келуші арасындағы диалогты сомдап, кейбір жастардың жұбайын шығарып алуды тойға айналдырғанын сынға алды. Үшінші бөлімде әжелер өздері әзірлеген сусынды ұсынып, аналар «Қарынбүрме», келіндер «Жаужүрек» тағамдарын қалай дайындағандарын түсіндірді. Төртінші бөлімде әр топ сән үлгісін ортаға шығарды.
Байқау қорытындысымен әділқазылар алқасының мүшелері Орынша Құмарғалиева әжелер тобын – бірінші, Зәмзәгүл Карсакова келіндер тобын – екінші, Анар Мусина аналар тобын – үшінші дәрежелі дипломдармен марапаттады.
Жеке кәсіпкерлер Бахтылы Махмудова, Роза Махаева, Гаухар Болатбаева командалардың әрбір мүшесіне ақшалай сертификаттар мен сыйлықтар табыс етіп, демеушілік жасады. Соңында әжелер ансамблінің өнері тамашаланып, Құрманғазы ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Гаухария Төкестаева шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ