Елімізде Аналар күні алғаш рет биыл 12 мамырда тойланады және бұл әр адамның өміріндегі ананың маңыздылығын көрсететін ерекше оқиға болары сөзсіз.
Төлеген Айбергенов: «Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем? Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен. Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем, Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен» дейді. Иә, Ана – асыл бейне. Сәбидің аузынан шығатын ең алғашқы сөзі де – ана. Сондықтан бұл өмірде анаға тең келер ешкім жоқ. Өз парызыңды өтеу, бұл – ана алдындағы парызды өтеу. Қаншама байлық иесі болсаң да, әлемге әйгілі адам болсаң да, анаңның жасаған жақсылығын ұмытпау – сенің өмір бойындағы борышың. Дүниенің нұры, өмірдің гүлі, қызықтың қызығы – ананың қолында. "Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді" деп бекерден-бекер айтылмаса керек.