Аңшылар мен балықшылар қоғамын құруымыз қажет

Фото: ашық дереккөзден
(1 Vote)

Біздің ауданымызда мұнай мен газ, асыл тастар, бағалы металдардың кен орындары жоқ. Ауданымыздың бірегей артықшылығы – Еділ бойында тұрамыз. Туған жеріміздегі Қиғаш өзені өңір тұрғындарының қашан да адал асыраушысы болып отыр.

Бүгін бай табиғатымызға қатысты тақырыпты – аңшылық, әуесқой балық аулау және рекреациялық туризм мәселелерін қозғағымыз келеді.

Шарон өзені, Мокринский, Иголкинский, Каничинский өзен арналары облысты, жалпы елімізді балықпен қамтамасыз етеді. Бұл байлық осы сулардан ауланады. Алайда, балық шаруашылығының да шешімін күткен өзіндік мәселелері аз емес. Қазір балықшылар отбасының өмір сүру деңгейі КСРО кезіндегіге жетпей жатқаны, олардың тұрмысы мен еңбек ету жағдайлары сол уақытпен салыстырғанда әлдеқайда төмен екені белгілі. Ауыл іргесіндегі өзенде секірген бекіре балықтарын бүгінгі балалар енді көрмейді. Жаңа піскен, «бес минутта дайындалатын» қара уылдырықты жей алмайды. Торларды жыртып жатқан балық ағынын бүгінде кездестірмейсіз. Иә, мұның объективті себептері де бар. Ойнақ құратын және көбею алаңдары жоқ. Каспий теңізі тартылып, өзендеріміз тайыздап, экология нашарлап, адамдардың табиғатқа әсері күшейіп барады. Жер-жерде браконерлік өркендеген. Осындайда облыстың табиғатын қорғауда өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғалардың бірі – Сатыбалды Кәменовті еске түсіреміз. Ол кісі күні-түні жұмыста жүргендіктен браконерлер ғана емес, ресми аңшылар да құрметтеп, ығысатын. Себебі, Атырау облысы бойынша орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектордан Құрманғазы ауданында жасырын түрде балық байлығымызға қол сұғу мүмкін емес еді.

Ұйымдастыра білсе туризм де ауданымыз пайда әкеледі. Қазір барлығымыз – облыс тұрғындары мен атқарушы билік өкілдері жаңа мүмкіндіктерді қалай пайдалану керектігіне дайындалып, ойланатын кез. Бірден-бір кедергі – бұзылған жол түгелге дерлік жойылып, жаңалары салынды. Туризм де ақша көзі. Ал, біздің ауданның табиғаты турлардың түр-түрін ұсынуға мүмкіндік береді. Шілдеден қыркүйекке дейін Канычинский, Иголкинский, Мокринский каналдарының бойында лотос плантациялары өседі. Бұл ғажайыпты көруге Шортанбайдан Алғаға дейінгі ауылдардың тұрғындары ғана емес, Қазақстан мен Ресейдің басқа қалаларынан да адамдар барады. Туған жердің осындай көріністерінен экотур жасап, балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеуге де болады. Дұрыстап ұйымдастырса аталған арналарға саяхат Мәскеу мен Астраханская демалыс орталықтарынан кем түспейді. Бірақ, олай болмай отыр. Неліктен? Жұмысшылар, техникалық қызмет көрсететін орындарымен қамтылған базалар бар сияқты. Ендеше, жергілікті экологиялық және рекреациялық туризм неге тоқтап тұр?

Бұл мәселеге тоқталайық. Мысалы, туристік мақсатта жер алу қиын. Заңда бәрі анық жазылған, бірақ, іс жүзінде олай емес. Бірден көптеген сұрақтар туындайды. Соның ішінде ең бастысы – уақыт. Бізде әкімдіктің құрылымдары өте баяу жұмыс жасайды. Ал, маусымға қарай кәсіп ашқыңыз келсе ше? Тұтынушы бар, инвестиция салуға дайын. Мұны тез арада жүзеге асыру мүмкін емес, жауапты құрылымдар өте ұзақ уақыт бойы теңселіп отырады. Барлығымыз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатсақ та, мемлекеттік құрылымдар әлі ХХ ғасырда жүргендей әсер аласыз. Шенеуініктердің жұмысын жеңілдететін цифрлық технологиялар қайда? Неліктен жер телімдерін беру тәртібі тез әрі ашық жүргізілмейді? Неліктен шешім қабылдау үшін бірнеше ай күтуіміз керек? Неге барлығы 3-4 күнде шешілмейді?

Тағы бір мәселе – ауданымызда аңшылар қоғамын құру. Бұрын Одақ тұсында өлкеміздің дербес аңшылар қоғамы болғаны қарттардың есінде. Жергілікті аңшылардың қоғамдық бірлестігін құрып, ауданымыздағы аңшылық алқаптарын оған беру мәселесі пісіп-жетілгені анық. Облыстық аңшылар қоғамына қарағаннан сол тиімді. Заң бойынша мұны облыс әкімі шешеді. Бірақ, жергілікті билік өз сайлаушыларының бастамасын қолдауы әбден мүмкін. Бұдан аудан тұрғындары пайда көреді. Баршаңызды осы мәселені талқылауға қатысып, аудандық әуесқой аңшылар қоғамын құру жөніндегі бастамамызды қолдауға шақырамыз. Бір ұйымға бірігу жергілікті аңшыларға тиімді. Ал, түкпір-түкпірде күңкілдеп, еңбекпен тапқан ақшамызды Атыраудағы қоғамға төлей бергеннен еш пайда жоқ. Өзімізде дербес аңшылар қоғамы құрылса ұл аймақ үшін айтарлықтай қаржы көзіне айналар еді. Шетелдіктерге қанша жолдама бөлуді, билеттерді қандай бағамен сатуды өзі шешеді. Міне, табыс! Бүгінде көптеген аңшылар үшін аңға шығу тым қымбатқа түсетіні жасырын емес. Қоғам құрылса, өз мүшелеріне оқ-дәрі сатып алуға демеушілік жасай алады. Шынын айтсақ қазір жағармай, қару-жарақ, оқ-дәрінің бағасы қымбат, аулауға бөлінген 10 үйректің қажеті қанша деп ойға кетесіз. Сол сияқты қоғам құрылса уақыт өте келе жергілікті аңшыларды қабылдау пункттері ретінде жеке қорықшы қызметін, кордондарды ұйымдастырып, браконерлікті бірігіп жояр едік. Мұның бәрі біздің қолымызда болады. Сонымен қатар, бұл қызмет жаңа жұмыс орындарының да ашылуына септігін тигізеді. Базалардағы аңшыларға қызмет көрсету, трофейлерді өңдеу, көлік қызметі, қонақ үйлер ашылады. Бұл да тұрғындарға табыс көзін әкеледі. Отағасы аңшы болып жұмыс жасаса, әйелі шағын қонақ үй ұстап, балалары көлікпен және керек-жарақпен қамтамасыз етеді.

Осыларды іске асырайық деген ойымыз бар. Шыны керек пікірталасымызға әкімдіктің үнін естігіміз келеді. Өйткені, ол жерде бөтен адамдар немесе шетелдіктер емес, біздің ауданның тұрғындары жұмыс жасайды. Лауазым иелерінің арасында аңшылықты, балықшылықты, табиғатты сүйетіндер бар. Табиғатты тонамау, қоршаған ортаны бұзбау, оны жақсарту – ортақ мақсатымыз. Оған бірлесе қимылдап қол жеткізе аламыз.

Жасқайрат Құспанов,

Құрманғазы ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT