Қамыс өртеуге тоқтам бола ма?

(0 Votes)

Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Олжас Тәжібаев тұрғындар алдында өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2022 жылға арналған міндеттер туралы есебін жасады.

– Жыл ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» және ауылдық жердегі шағын және орта бизнесті несиелендіруге сәйкес «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 2 адам 7800000 теңгенің шағын несиесін алды. Жұмыссыздар санын азайту, жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамту мақсатында өткен жылдың басынан бері кәсіптік оқытуға 6, мемлекет арқылы қысқа мерзімді оқытуға 3 адам барып, біреуі жұмысқа орналасты. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 7 жас маман уақытша жұмысқа тұрды. Жыл басынан бері 182 адам жұмыссыздар есебінде тіркеліп, 29-ы тұрақты, 40-ы уақытша, 24-і маусымдық, 88-і қоғамдық ақылы, 1-і әлеуметтік жұмыс орыны арқылы жұмыспен қамтылды. «Жасыл ел» жастардың еңбек жасағына 15 сарбаз тартылды, - деген округ әкімі одан әрі білім беру, денсаулық, мәдениет, спорт салалары, қылмыспен күрес, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы және аудан әкімінің берген тапсырмаларын іске асыру жоспары бойынша жасақталған іс-шаралардың орындалу барысынан хабардар етті.

Сөйлеушілерден ауыл тұрғыны Ш.Шамбузов: – Алмабақ пен Племстанса ауылдарына елді мекенге жатпайды деп кезінде ауыз су құбыры тартылмай қалуы салдарынан суды автокөлікпен тасып отырмыз. Каналдарымыз болса кеуіп қалды. Автотрасса салынғанда оның арғы жағына түсетін жер қалдыру ескерілмеген. Биік жолдың екінші жағына автокөлік түгілі мал түсе алмайды. Жүн-теріні өткізе алмай, өртейміз, - деп ауылдастың, шаруагерлердің жанайқайын жеткізді.

Ауыл тұрғыны С.Рысқалиева: – Қамысты өртегенде арасында малдары жанып кеткен шаруашылықтар бар. Сол өртті кім қояды? Өртеген жерге шөп жақсы шығады деген қате түсінік. Бұған тоқтау болмай ма?  Сауылған сүт қаймағы айырылған соң амалсыздан малға құйылады.  Оны қабылдау қолға алынса игі. Жұмыс орындары жоқ дейміз, бірақ оны ашуға талпынбаймыз. Кезінде осы ауылда тон тігетін цех та болды. Соларды қайта жандандырса болмай ма? – деп ашына сөйлеп ауылда отбасы, жастар тәрбиесі осалсып кеткеніне қынжылды.

Шаруа қожалығының жетекшісі Б.Рысбаев жыр болған Сильнай көпірін жөндеуді айтса,  мал дәрігері Т.Шияпов, еңбек ардагерлері С.Бурханов, А.Күзембаев, А.Тойлыбаев, мектеп директоры А.Қаменова, ауған-тәжік соғысының ардагері З.Дәулетов жастарға арналған жабық спорт кешенін, мал дәрісін сақтайтын қойма, Шарапи ауылымен екі ортаға жаяу жүргіншілер көпірін салу, инернет алаяқтықпен күрес, Шарон өзенін тереңдету, таза ауыз су беру, басқа да өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Олардың сауалдарына округ әкімі жауабын берді.

zhaatalap-esep-beru

Аудан әкімі Марат Мурзиев қорытынды сөзінде: – Жаяу жүргінші және ауылішілік жол салу мердігердің кеш анықталуына байланысты биыл көктемде бастағалы отыр. Құны 1 млрд. 200 мың теңгенің үстіндегі мәдениет үйін салу жобасы жасалғанымен кезінде сараптамадан өтпеген. Оның құрылысын биыл бастау үшін біздің тарапымыздан барлық жұмыстар атқарылып жатыр. Саз мектебін салу жол картасына енді. Спорт кешендері жылына екі-үш елді мекенде кезең-кезеңімен салынады. 2023-2025 жылдары Хиуаз ауылында балабақша салу да жоспарда бар. Көпір салу үлкен қаражатты қажет етеді. Сондықтан, ол әзірге мүмкін емес, - дегенімен Сильнай көпірінің жағдайын орынбасары Б.Сисатовқа тиісті мамандармен бірлесіп зерттеуді тапсырды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT