Қамкөңіл балаларға көңілді кеш сыйлады

(0 Votes)

Еңбекші ауылдық округіндегі «Дельфин» барында ерекше балалар мен олардың ата-аналарына арналған Жаңа жылдық шырша кеші өтті. Қамкөңіл балаларға арналған шараны  «Біз біргеміз» еріктілер тобының жастары ұйымдастырды.

Бардың залы әсем безендіріліп, ортаға шырша қойылыпты. Арнайы әзірленген дастарханға ата-аналар балаларымен жайғасты. Бәрінің де көңілдері көтеріңкі. Жалпы денсаулығында ауытқуы бар балаларды бағып-қағып, тәрбиелеу оңай емес. Сол себепті мұндай аналар қандай құрметке де лайық. Осыны ескерген озық ойлы  жастардың көрегенділігіне тәнтіміз.

Әдемі  кеште «Біз біргеміз» еріктілер тобының жетекшісі Тілекші Қайратқызы құттықтап:– Сіздермен бірге бүгінгі шарамызға ауданымыздың  әншілері де қатысып отыр. Осының алдында қазан айында, Мүгедектер күнінде ерекше балаларға арналған кеш ұйымдастырған болатынбыз. Біз барлық балаларды осылай қолдағымыз келеді. Бүгін әрбір округтен барлығы отыз бала мен ананы осы шырша кешіне шақырдық. Көңілді, жақсы отыруларыңызға  тілектеспін. Кеш барысында сіздерге сыйлықтар да жасалады. Сондықтан, белсенді қатысуларыңызды сұраймыз, – деген ізгі тілегін жеткізіп, топ мүшелерімен бірге аналарға гүлдер, Жаңа жылдық сыйлықтар табыстады. Айта кетейік, сыйлықтарда ерекше балаларға арналған қажетті құралдар бар.

a

Сөз берілген бір топ аналар осындай кешті ұйымдастырып отырған жастарға деген ризашылықтарын жеткізіп, жүректен шыққан ақ тілектерін арнады. Келесі кезекте ата-аналармен ойындар ұйымдастырылып, оған қатысушыларға шаштаразға, массаж салонына және басқаларына  сертификаттар берілді. Ойын жеңімпазына куртка сыйланды. Тілекші Қайратқызы бастаған жастар ата-аналарды ортаға алып шығып, әсем әуенмен тербеліп, кеш көрігін қыздыра түсті. Ертегі кейіпкерлерімен билеген ерекше балалар да сый-сияпаттан құр қалмады. Жастар оны «Ең жақсы би», «Ең сәнді киім», «Ең сүйкімді балақай» және басқа да аталымдар бойынша жасады. Шырақ жағылған тәтті тағам ортаға әкелініп, кеш қонақтарына үлестірілді. Ортаға Аяз ата мен Ақшақар шақырылып, өнер көрсеткен балаларға өз сыйлығын ұсынып қуантты. Керемет кеште аудан өнерпаздары оған қатысушыларға  тамаша әндер тарту етті.

a

«Біз біргеміз» еріктілер тобының жетекшісі Тілекші Қайратқызы бізбен әңгімесінде Жаңа жыл алдында қамкөңіл балаларға жақсы көңіл-күй сыйлауды алдарына мақсат етіп қойғандарын, бүгінгі шарамен шектеліп қалмай, енді аудандық мүгедек балаларды оңалту орталығында да ұйымдастырғалы отырғандарын жеткізді.

a

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT