Абай атындағы орта мектепте Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының және Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ербол Махмотовпен «Самғауы биік саңылақ» атты кездесу кеші өтті.
Кешке химия пәнінің ұстаздары, оқушылар қатысты. Абай атындағы орта мектептің директоры Жамал Хасанова сөйлеп, қош келдіңін айтты. Шараны мектеп ұстазы Рүстем Тоқаев жүргізіп, ғалымның өмірдерегінен хабардар етті.
Осындай кеш ұйымдастырып, құрмет көрсетіп жатырғанына ризашылығын білдірген профессор Ербол Махмотов: – Орталарыңызға келіп отырған бірінші мақсатымыз – осы Абай атындағы орта мектептің шәкірті болған, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор, АҚШ-тың Нью-Иорк ғылым академиясының толық мүшесі Сейтов Хайреден Сұңғатұлы деген ғұлама жерлестеріңізді сіздерге таныстыру. Осында туып, Абай мектебін өте жақсы бітіріп, Гурьев пединститутына оқуға түскен. Өмірден ерте өтті. Биыл 70 жасқа толуына байланысты «Ғалымның дара жолы» деген есеп кітабы шықты. Екіншіден, Хайреден Сейтовтің аты Атырау қаласындағы көшеге берілді. Үшіншіден, Атырау университетінде оның атындағы үлкен зертхана ашылды. Төртіншіден, көптеген газеттерде бұл кісі туралы жан-жақты жазылды. Хайреден Сұңғатұлы Гурьев педагогикалық институтының физика факультетінде оқып жүріп Ленин атындағы шәкіртақыны алған. Кеңестер Одағы кезінде мұндай шәкіртақы алу үлкен дәреже. Өзінің физика-математика ғылымдары жөніндегі кандидаттық десертациясын қорғады. Мақалалары Америкадағы Нью-Иорк қаласындағы ғылым академиясының ведомствалық журналында жарияланған. Осындай еңбектерін біздің аудан көп біліңкіремейді екен. Соны жаңартайық, еске салайық деп келіп жатырмыз, – деп отбасы, ата-анасының ұлағатты тәрбиесі, олардың өзінің ұстазы болғаны жайлы әсерлі әңгімеледі. Өзінің «Ғылыми-өндірістік соқпақ» және Х.Сейтов туралы жазылған «Ғалымның дара жолы» атты кітаптарды мектеп кітапханасына табыстады.
Тарихшы, өлке зерттеушісі Өміржан Жұманиязов Ербол Махмотовпен мақтанатынын айтып: – Себебі бұл кісі әлемге есімі белгілі ғалым. Қандай кітап, ғылыми еңбек жазса да Ербол Сахитұлы өзінің ата-анасына арнайды. Жас кезінде мектепте спортқа қатысты. Допты хоккейді жақсы ойнады. Сабақты үздік оқып осындай дәрежеге жетті. Айтайын дегенім ең алдымен ата-аналарыңызды сыйлаңыздар. «Әкенің қас-қабағы – баланың бас сабағы», дейді. Қазақтың мақал-мәтелдерінің бәрі тәрбие. Сондықтан салт-дәстүрімізбен жүріп, білімді болыңдар. Білімге-ғылымға қарай жүріңдер, Отандарыңды сүйіңдер. Мен Ербол Сахитұлын 2014 жылы ауылға келуге шақырғанмын. Астанадағы, облыстағы, аудандағы басшыларға шығып жүріп 2022 жылдың бюджетінен Хиуаз ауылынан мәдениет үйін салуға 1 млрд 200 млн ақша бөлінуіне қол жеткізді – деді.
Кеш барысында профессор Ербол Махмотов өзінің ғылымдағы жолына қызығушылық танытқан оқушылардың сұрақтарына жауап қайтарды. Абай орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі Тілекші Жанханова білім ұясында химия пәнінің оқытылуы барысынан слайд арқылы хабардар етті. Абай орта мектебінің директоры Жамал Хасанова кешті қорытындылап, ата-ананы сыйлау жайлы ұлағатты сөздері, мамандық таңдауға осы бастан мән беруді жақсы жеткізгені үшін Е.Махмотов пен тарихшы Ө.Жұманиязовқа ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ