Алып күштің иесі – Ерсейіт

(0 Votes)

Алпыс жылдан астам тарихы бар ауданымыздағы іргелі білім ордасы – Құрманғазы аграрлы-техникалық  колледжі өзінің түлегі, әлем чемпионы Ерсейіт Бралинмен «Алып күштің иесі – Ерсейіт»  тақырыбында кездесу кешін өткізді.

Бұл спортшының есімі ауданымызға жақсы таныс. Бұған дейін өткен мерекелік шараларда кір тасын, қой көтеруден алдына жан түсірген емес. Кейін түрлі жарыстарда да жеңіске жетіп, биыл әлем чемпионы атанды. Оған қазір әңгіме барысында кеңірек тоқталамыз. Себебі, даңқты спортшының жетістіктерін біліп жүрген кейінгі жас буынға мотивация берері анық. Тақырыбымызға қайта оралайық.

Аталған кешке чемпионның ағасы Нұрхат Бралин, Құрманғазы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Әділ Қоңқаев, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Аян Жексенбай, ауданымыздағы «Бекджим» фитнес залының инструкторы Бақытбек Жандыбаев, колледждегі ұстаздары Ермекқали Бисенов, Каким Шияпов, Айбарша Қойысова, Айдынғали Жүніс қатысты. Шараның мақсаты – біртұтас тәрбие бағдарламасының «Шабыт» жобасы аясында әлем чемпионы Ерсейіт Бралиннің өмір жолдары мен жеткен жетістіктерін үлгі ете отырып, жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін ашу арқылы құндылықтарды дәріптеуге,  салауатты өмір салтын насихаттауға, зиянды әдеттерден аулақ болып спортқа деген сүйіспеншіліктерін арттыруға, алға мақсат қойып дұрыс жолды таңдай білуге, отанға, елге деген  патриоттық сезімдерін қалыптастыруға тәрбиелеу.  

Алғашқы сөз кезегі  колледж директоры Болатбек Өтегеновке беріліп, спортшыға деген жылы лебізін, ізгі тілегін жеткізді. Келесі кезекте спортшының өмір жолы, спорттағы жетістіктері таныстырылды. Атап айтсақ,  Бралин Ерсейіт Нұрмұханбетұлы 1990 жылы 5 ақпанда бұрынғы Теңіз ауданындағы  қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Бралин Нұрмұханбет  Шамұратұлы қазіргі «Атырау-Жарық» мекемесінде, анасы Мирманова Гулфайрус Сағынбайкызы аудандық емханада медбике қызметін атқарып, отбасында екі ұл тәрбиелеп өсірді. Баланың үлкені Ерсейіт 2005 жылы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 9 сыныбын бітіріп, Атырау қаласындағы бизнес және құқық колледжіне оқуға түсті. 2006 жылы ауданымыздағы №3 Құрманғазы кәсіптік лицейінің «Ауыл шаруашылығы өндірісінің шебері» мамандығына оқуға ауысып, 2008 жылы «фермер» мамандығы бойынша диплом алып шықты. 2008-2009 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін «Группа №4»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде күзет қызметінде жұмыс жасап, 2013 жылы «Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар министрлігі Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті Құрманғазы ауданының төтенше жағдайлар бөлімі» Республикалық мемлекеттік мекемесіне қызметке орналасты. Осы жылдар ішінде  «Құрманғазы ауданы өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарының» бөлімше командирі, аға сержант лауазымында қызмет атқара жүріп  жоғарғы көрсеткіштері мен адал қызметі үшін алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды.

Ерсейіт Ақтау қаласында өткен Республикалық  «Толағай» атты алыптар сайысынан – І орын иеленіп алтын жүлде иегері атанды. Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасының «Толағай» атты алыптар сайысы дүниежүзілік көшпенділер ойындарының республикалық іріктеу кезеңінен – ІІІ орын, Алматы қаласында өткен Азия чемпионатының пауэрлифтинг сайысынан ІІІ орын алып қола жүлде иеленді. Үстіміздегі жылдың 25-27 қазан аралығында Қырғызстанның Бішкек қаласында 10-нан астам мемлекеттен 800-дей спортшы қатысқан  әлем чемпионаты өтті. Аталған чемпионаттың Пауэрлифтинг сайысына қатысқан Ерсейіт  І орын иеленіп, әлем чемпионы атанып отыр. Қазіргі таңда Ерсейіт отбасылы, екі бала тәрбиелеп отырған отағасы, бір шаңырақтың тірегі. Спорт пен қызметті қатар ала жүріп, өзінің білімін де көтере түсу мақсатымен Шымкент қаласындағы университетте оқып, дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша жоғары білім алды.                  

Кеш барысында әлем чемпионының ағасы Нұрхат Бралин, ұстаздары Ермекқали Бисенов, Каким Шияпов, Айбарша Қойысова, Құрманғазы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Әділ Қоңқаев қойылған сұрақтарға жауап қайтарып, Ерсейіт жайлы қызықты, әсерлі әңгімеледі. Одан әрі Ерсейіт Нұрмұханбетұлы «Мен де Ерсейіттей болсам ғой, шіркін!» деп армандаған колледж студенттерінің сұрақтарына жауап қайтарды. Ең жақсы сұрақ қойған студентке қолтаңбасын, ауданымыздағы «Бекджим» фитнес залына 1 айға тегін жаттықтыру Сертификатын сыйға тартты.

Колледж шеберханасы алдында әлем чемпионы шеберлік сабағын өткізді. Өз салмағынан бірнеше есе ауыр зілтемірді көтеру екінің бірінің қолынан келмейді. Қатысушылар алып күш иесінің өнеріне тәнті болды. Алдымен салмағы 7 тонна, 155 ат күшіне тең келетін «Джон дир» тракторын орнынан қозғады. Одан кейін 100 келілік кір тасын көтерді. 16-лық арматур темірді майыстырып, июді көрсетті. 50 келілік гантельді еш қиналмай көтеріп шықты. Бәрін де шаршап-шалдықпастан, еш қиналмастан жасады. Осылайша Ерсейіт шағын тұлғалы болғанымен тұла бойына тұнған алып күш иесі екенін ісімен дәлелдеді. Кездесуді колледж директоры Болатбек Тағанқожаұлы қорытындылап, колледж түлегі, әлем чемпионы Ерсейіт Нұрмұханбетұлының өнеріне ризашылығын білдіріп, ұжым атынан ат мінгізді.    

Айнагүл Шакупова

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT