Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Кетігін тап та бар қалан!» атты мектеп бітіруші «Алтын белгі» иегерлерін марапаттау салтанаты өтті.
Бұл мерейлі күн – ата-аналар мен ұстаздардың талай жылғы еңбегінің жемісі. Көңілдері алып-ұшып тұрған түлектердің балалықпен қош айтысып, үлкен өмірге қадам басатын сәті. Талабы мен таланты, білімі мен білігі тең түскен, бағы мен бабы қатар шапқан үздіктердің тоғыз жолдың торабында тұрып, өз бағыттарын таңдайтын айшықты мезет.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев қызу құттықтап, үздіктерге «Алтын белгі» иегерлерінің аттестатын, «Алтын белгі»-ні, 50 мың теңгенің сертификатын ұсынды.
Бұл құрметке Манаев мектебінің түлектері Әліп Нұрланұлы, Дария Есенбекова, Әуезов, Қадыр Мырза Әли мектептерінің түлектері Нурия Шораева, Айсана Қали ие болды. Келесі кезекте ақжарма тілегін білдірген аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров түлектерге алдағы сынақтан сүрінбей өтулерін тілек етіп, биылғы жылы респбулика бойынша 5000-ға жуық мемлекеттік грант бөлінгенін, оның ішінде тек қана Атырау облысына 1200 грант қарастырылғанын және тағы басқа жеңілдіктерді тілге тиек етіп, осы мүмкіндікті ауданымыздың мектеп бітіруші түлектері жіберіп алмауы қажеттігін айтты.
Бұдан кейін озаттарды тәрбиелеген ата-аналарына алғыс хатын табыстады. «Алтын белгі» иегерлеріне құттықтау тілек-батаны жолдау үшін аудандық ардагер ұстаздар кеңесінің төрағасы Нұрлығайын Нұғыманов сөз алып, өзінің сиясы кеуіп үлгермеген үздік атанған түлектерге арнаған жаңа өлеңін оқып берді.
Айта кетейік, ауданымызда биылғы жылы 476 түлек мектеп бітірсе, оның 4-еуі «Алтын белгі», 19-ы «Үздік аттестат» иегері.
Айнагүл Шакупова