Алты мыңға аз-ақ жетпей тұрмыз, алайда бұл өзгелерге қарағанда оқ бойы озық көрсеткіш

Рейтинг: 0 / 5

«Таң атса болды күннің қалай батқанын білмей қаламыз», дегендей уақыт зулап өтіп жатыр.

Баспасөзге жазылу науқаны да күні кеше басталған сияқты еді, енді міне үш ай артта қалып оны да қорытындылайтын кезіміз жетіп отыр. Сонымен биыл мерзімдік баспасөзге жазылу қандай деңгейде өтті, сол жөнінде ой өрбітсек дейміз.

Тышқан жылының көктемі тәжівирус деген пәлені ерте келіп, елімізде 16 наурызда төтенше жағдай жарияланғаны мерзімді баспасөзге жазылуда біраз қиындықтар туғызды. Алайда, оқырмандарымызға, бізді әрдайым қолдайтын азаматтарға деген сенімімізге селкеу түспей бұл науқанда бұрынғы межеге жетпесек те, артта қалмаспыз деген үмітте болдық. Үмітіміз ақталғанына қуаныштымыз. Себебі, «Серперге» жазылу 5940 данаға жетті. Бұл былтырғыдан 660 данаға кем түскенімен, қазіргідей жағдайда шүкіршілік етуге болатын жақсы көрсеткіш. Аудандық газеттер арасында облыста көш бастап тұрмыз. Бұл ретте аудан әкімі Қайрат Талапұлы мен орынбасарларына, бөлім басшыларына, округ әкімдеріне де айтар алғысымыз бар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», дегендей бұл азаматтар баспасөзге жазылу науқанының өз деңгейінде өтуіне үлкен үлес қосты, яғни газетіміздің оқырмандарына жағдай жасады.

Осы орайда ең алдымен ауыр сәтте де «Серперінен» қол үзбейтін, оның тірегіне, арқа сүйер асқар тауына айналған қалың оқырманға шексіз ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Өйткені, баспасөзге жазылу көппен бітетін шаруа. Қиын жағдайға қарамастан аудан айнасына жазылып отырған сіздерді мақтаныш тұтамыз, алға қарай да көңілдеріңізден шығуға жұмыстанамыз. «Серперге» қайда барып жазылуға болады? Бізде пошта жұмыс жасамай жатыр? Әкімге шықсаңыздар да осы мәселені шешіңіздерші», деп телефон соққан оқырмандарымыз, «Бізге пошта қызметкері керек», деп аудан әкімінің орынбасарына, пошта бастығына шықтым», деген округ әкімдері де бар. Қай-қайсысы да уақытты текке өткізбей пайдаланып қалғысы келді. Оларды пошта қызметкерімен қамтуды шешкен «Қазпошта» АҚ Құрманғазы АТПБ-ның басшысы Виктор Түсекеевке, орынбасары Айгүл Тілеуғалиеваға да рахмет айтамыз. Жазылу барысына бізбен бірдей жанашырлық танытып, үнемі ақпаратпен қамтамасыз етті.

Екіншіден біраз нәрсе осы жұмыстарды өз дәрежесінде ұйымдастыра білуге тіреледі ғой. Енді «Қазпошта» АҚ аудандық пошта байланысы торабының 27 маусымы күнгі 2020 жылдың ІІ жартыжылдығына жазылуды қорытындылаған мәліметтерін сөйлетейік.

Жекелеп айтар болсақ кезінде есімі халық қамын жеген әкімдігімен қатар ғұламалығымен де таныс болған Мақаш правительдің атындағы округ болжамдағы 300 дананы 317 етіп орындап көш бастады. Болат Мұфтахов ағамыз бен оның командасы, сол жердің азаматтары мен ауылдық округ тұрғындары Мақаш атына кір келтірмеді. Өткен айда округке жолымыз түскенде Болат Зейнетоллаұлы: «Болжамды біз баяғыда орындап тастағанбыз. Оған бір кісідей жұмылып атсалысқан ауыл тұрғындарына, көмектескен кәсіпкерлерге ризашылығым шексіз. Әлі жазылып жатырмыз» деген. Іскер әкім мен оны қолдайтын ауыл тұрғындары мерейімізді өсірді десек артық кетпеспіз.

Қиғаш ауылдық округінің әкімі Жігер Жанқанов болжамды 14 данаға асырып, екінші орынға шықты. Шыны керек биылғы науқанның оған қиынға түскенін жақсы білеміз. Пошта берген мәліметте үнемі артта жүрді. Дереу телефон соғып жағдайды сұрасақ округтегі пошта бөлімшесі қызметкер жоқтығынан жұмыс істемей тұрғанын, болжамнан шығу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтады. «Талпынған жетер мұратқа», дегендей атына заты сай жігерлі азаматты кездескен қиындықтар жасытпады. Аудан әкімдігіне, пошта басшысына шығып жүріп жұмысты жолға қойды. Сөйтіп «Нар жолында жүк қалмайтынын» ісімен дәлелдеді.

Аудан айнасына жазылуда үнемі: «Сізге денсаулық тілеймін», деп әскери тәртіппен амандасатын Байда ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиев болжамды 6 данаға асырып үшінші орынға шықты. Жүсіп Сүлейменұлы да тек бір рет айтады. Болды. Бірден сенесің. Себебі сөзінде тұрады. Өмір бойы полицияда офицерлік ар-намысына кір келтірмей абыроймен қызмет етіп, округ әкімі лауазымын да тап солай атқарып, халық көңілінен шығып жүрген азаматқа алға қарай да жемісті еңбек тілейміз.

Мұрабек Мұғалімнің Нұржау ауылдық округінің әкімі қызметін атқарғанына көп болған жоқ. 15 мыңға жуық халқы бар округті басқарған тәжірибелі азаматтың жаңа лауазымында жұмысты жолға қоя білгені аяқ алысынан байқалады. Бұған дейін болжамнан шыға алмай жүрген округ «Серперге» жазылуды 5 данаға артығымен орындады.

Сафон ауылдық округінің әкімі Роза Хамзаева нәзік жанды болғанымен ел үшін еңбек етуде ерлерден кем түспейді. Есеп беру жиналыстарына қатысқанымызда тұрғындар өз әкімдерінің атына көп сын айтпайды. Себебі қолынан келгеннің бәрін жасап, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуда аянбай еңбек етіп жүргеніне көздері қанық. Ол басқарған округ те жылда болжамнан шығады. Сол дәстүрден ауытқымай биылғы жазылуда қиындықтар туындағанына қарамастан 2 данаға артығымен орындап шықты. Осы жағынан алғанда Роза Шамарқызын кейбір әріптестеріне үлгі етуге болады.

Бірлік ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ақбанов ағамыз туралы айтсақ, газетімізге жазылуды қашанда бірінші болып тәмамдайды. Бауыржан ағамыздың болжамнан шықпай қалған күні жоқ. Биыл да алғашқылардың қатарында орындады. «Мен «Серперге» жазылуды үнемі бақылап отырамын. Газеттің кешегі шыққан санына қарап кейбір азаматтардың жұмысына көңілім толмады. Аудандағы жалғыз басылым ғой. Мына тәжівирус жұмысқа қыры жоқ кейбір адамдарға жақсы сылтау болды. Халық газетке жазылмайды емес, соны дұрыс ұйымдастырмайды ғой. Бар мәселе осында! Жазылмаса болжамнан қалай шығып жүрміз. Ешкімді міндеттеп жатқанымыз жоқ. Қай округке де беріліп отырған болжам халық санымен алсақ тым көп емес», дейді кейбір әріптестеріне ренішін танытып.

Бір кездескенде: «Маған алаңдамаңдар. Біз болжамнан шығамыз», деп еді Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтах ағамыз. Осыдан-ақ азаматтың өзіне сенімділігін аңғардық. Асқар Зейнетоллаұлы жел сөздің адамы емес, айтып еді межеден көрінді.

«Жас та болса бас бола білетін» Дыңғызыл, Еңбекші ауылдық округтерінің  әкімі Оралбай Әзімов, Руслан Әмірханов та 300 және 360 дана болжамды бағындырып үлгерді. Сөйтіп, көш басындағы әріптестерінің қатарынан ойып тұрып орын алды. «Бас болу оңай, бастамақ қиын», дейді халық даналығы. Өте орынды айтылған. Жоғарыда аталған азаматтар оның растығын дәлелдеп отыр.

Ауданымыздағы ең үлкен Құрманғазы ауылдық округінің беталысы көңіл көншітті. 1390 дана болжамды 1172 етіп орындады. Абдуррахман Муса да тәжірибелі, іскер, қандай жұмыста да шебер ұйымдастырушылардың бірі. Болжамнан көрінбесе де мыңның үстіне шығаруы бізге көп демеу.

Ауылдық округтерден халқы жағынан екінші орында тұрған Ақкөл болжамды 204 дана етіп орындап, меженің жартысына жуығын еңсерді. Оның себебі де жоқ емес. Мұнда індет таралуына байланысты карантин жарияланды. Округ әкімі Бисенбай Рамазанов жақында өткен кәсіби мерекемізде телефон соғып арнайы құттықтап, жағдайды түсіндіріп, межеден шыға алмағанына қынжылыс білдірді. Түсіністікпен қарадық. Өйткені Бисембай Кәрімұлының бұған дейін аудан әкімдігіне, «Қазпоштаға» шығып жазылуды тиісті дәрежеде ұйымдастыруға күш салғанынан хабардармыз.

Болжамға ауылдық округтерден  Азғыр-8, Шортанбай-10, Көптоғай-26, Теңіз-87, Кудряшов-98, Асан-102, Жаңаталап-106, Сүйіндік-124 дана жетпей қалып отырғаны өкінішті. Коронавирус етектен тартпағанда олар да межеден көрінер еді.

Әрине, округ әкімдеріне, газетке жазылуға жағдайы тарта бермейтін аз қамтылған отбасыларына көмек қолын созатын кәсіпкерлеріміз өз алдына бір төбе. Ауданда өтетін түрлі шараларға демеушілік жасап, қайырымдылық акцияларына қатысып, мерзімді басылымдарға ондап-жүздеп жазғызатын жомарт жанды бұл жерлестерімізді біз әрдайым құрметтейміз.

Биыл да «Серперге» жазылуда округтерге көмек қолын созған облыстық мәслихаттың депутаты Сабыржан Сұлтановқа, аудандық мәслихаттың депутаттары Біржан Кенжебаевқа, Теңел Исмағұловқа, Нұрлан Хұсайыновқа, «Мақаш», «Каспий-Балық», «Каспий таңы» өндірістік кооперативтерінің төрағалары Жеңіс Абулхайыровқа, Жұмажан Шакуповке, Бақыт Теміровке, «Мульти Проф Сервис», «Стимул Петро Груш», «Төбеарал Ойл» ЖШС-нің басшыларына, «Қиғаш бас су сорғы» ұжымына, «Қазақстан Теміржолы» АҚ аудандық бөлімшесіне, өз қаражаттарымен аз қамтылған отбасыларын 25 және 10 данаға жаздырған жеке кәсіпкер Еркінбек Халеновке, жас ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ұлан Иманғалиға және басқа да демеушілерге айтарымыз әрдайым алдарыңыздан ақ күн туып, ел алғысына бөлене беріңіздер. Жеке кәсіпкер Еркеғали Таяшев 100 данаға жаздырып, мәрттік танытты.

Өзінің осындай оқырмандары бар «Серпер» алға қарай да биіктерден көрінеріне сенімдіміз. Ең бастысы халқымыз бай-бақуатты, еліміз тыныш, іргеміз бүтін болып, мына індеттен аман өтіп тек жақсылықта жүздесейік.

Қанат ҒҰМАРОВ,

бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы

COVID 19

covid

Соңғы жаңалықтар

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян жаңалығы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

logotype

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

“Серпер” ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлiгi Ақпарат
комитетінде 2018 жылы 16 мамырда тiркелiп, № 17103-Г куәлiгi берiлген.
Мекенжайымыз: Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылы,
С.Көшекбаев көшесі, 25 үй.
Индекс 060400.
Байланыс телефоны: +77123321570, +77123321478.


Яндекс.Метрика