Құрманғазы кеңшарының 60 жылдығы атап өтілді

(0 Votes)

Дыңғызыл ауылдық округінің Жыланды ауылында өткен Құрманғазы кеңшарына 60 жыл толу салтанаты Көшәлі зиратында өмірден өткендерге тағзым етіп, Құран бағыштаумен басталды.

Кезінде кеңшарды басқарып, оның өркендеуіне үлес қосқан, «Құрманғазы» өндірістік кооперативі  құрылуының басында тұрған, шаруашылықтың құрылым ретінде қалыптасуында өзіндік орыны бар абзал азаматтардың бейіттеріне топырақ салынып, дұға бағышталды. Зират ету рәсімінен кейін округке жақын жазық алаңда тай бәйгесі, аламан бәйге сынды ат спорты ойындары, қол күресінен, қой көтеру, арқан тартыстан жарыстар  өтті.

ersejin-chempion

Тұлпарлар дала төсінде.    
«Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты, ғалым-профессор Сабыржан Сұлтанов қатысушыларға қош келдіңін айтып, шабандоздарға сәттілік тілегеннен кейін жарыс қызып сала берді. Ат жарысын Нұрлан Елемесұлы жүргізді. Үш айналымнан тұратын 9 шақырымдық тай жарысына Жыланды ауылының жастары демеушілік жасады. Жыланды, Ғизат Әліпов, Сүйіндік, Жұмекен, Орлы, Ақкөл, Хиуаз ауылдарынан  келген 15 тай бақ сынады. Жарыс нәтижесімен 100 мың теңгелік І орынды Сүйіндіктен қатысқан Талғат Жұмалиевтің «Жебе» атты тайы жеңіп алды. 70 және 50 мың теңгелік жүлдесі бар ІІ-ІІІ орындарды  ақкөлдік Жеткіншік Қапеновтің «Маңғыстау», Ғ.Алипов ауылынан Илияс Ешмұратовтың «Керіқоян» атты тайлары еншіледі. IV орын 30 мың теңгелек жүлдесімен  Жыланды ауылының тұрғыны Есімболат Ризуновтың «Жезкиігіне» тиді.

at-zharys

27 шақырымдық 9 айналымнан тұратын Аламан бәйгеге  Сафон, Азғыр, Ғизат Әліпов, Жыланды, Нұржау, РТС, Жұмекен, Қошалақ, Жаңа ауыл, Ақкөл, Орлы ауылдарынан келген 26 ат қатысты. «Жүзден жүйрік озады жарысқанда», дегендей, әрине олардың бәрі белгіленген  айналымды түгел шауып шыққан жоқ. Айта кетелік, Аламан бәйгеде І орынға демеушілік жасап, оған тігілген «PRAQ» атты қос аяқты мотоциклді «Магистральдық су ағызғысы» ЖШС «Қиғаш» Бас су сорғы стансасы мекемесінде  жұмыс жасап жатқан және осы ауылда туып-өскен азаматтар мен азаматшалар жиналып алып берген екен. ІІ мен ІІІ орындарға 1968-1975 және 1962-1967 жылдары Құрманғазы кеңшарының директоры болған Көргенәлі Мұқанәлиев пен Сайфолла Сүйіновтің ұрпақтары  тиісінше 300 және 200 мың теңге тағайындапты. IV орынның 100 мың теңгесін «Мерсадих» шаруа қожалығының жетекшісі Нариман Қайрошов өз мойынына алған.

Аламанда ат оздырған азғырлық Асхат Шәпеновке  «Қараша» атты тұлпары мотоциклді алып берді. Екінші аты «Гүлсары»  300 мыңды қанжығасына байлады. Осылайша атбегінің алыстан ат арытып жеткен еңбегі ақталды. РТС ауылынан келген Артур Темірәлиевтің «Айкүреңі» ІІІ, Ғ.Әліпов ауылының тұрғыны Илияс Ешмұратовтың «Құлагері» IV орыннан көрінді. Жарыс қорытындысымен демеушілер ортаға шақырылып, жеңімпаздарды құттықтап, сертификаттар ұсынды. Қой көтеру мен қол күресінің де жеңімпаздары анықталып, байрақтар табысталды. Ауданымыздың жас спортшысы Ерсейіт Бралин салмағы  40 келіге жақын қошқарды бөлінген 2 минутта 60 рет көтеріп, жарысқа қатысқан бес спортшыдан шоқтығы биік болды.

Қанат Ғұмаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521