Ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуына, өңірдің ауылшаруашылығы саласының өркендеуіне елеулі үлес қосқан ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтахты ұжымдастары 60 жасқа толуына орай құттықтады.
Бөлім басшысының орынбасары Балағазы Иманғалиев ыстық ілтипатқа толы құттықтау хатын оқып, табыстады.
Мерейгер 1985 жылы институт бітіріп келіп, ауданның Киров, Сүйіндік кеңшарларында бас инженер, кеңшар директорының орынбасары, 1987 – 1988 жылдары Теңіз аудандық комсомол комитетінің хатшысы болды. Сонымен бірге, 1993 жылы мемлекеттік қызметке келіп аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасары, округ әкімі сияқты жауапты қызметтерді еншіледі. Келесі кезекте сөз алғандар жұмыстас болған жылдар ішінде Асқар Зейнетоллаұлындай білікті басшыдан, шебер ұйымдастырушыдан үйренгені көп, түйгені мол екенін атап өтіп, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, жанұяда бақыт пен ұрпақ қуанышын тіледі.