Бірінші наурыз – Қазақстан Республикасындағы Алғыс айту күні. Иә, елімізде өмір сүретін барша халық үшін көктемнің алғашқы күні «рахмет» сөзімен басталады. Мұндағы әрбір этностың бастан кешкен тағдыры ежелгі қазақ жерінде тоқайласып, ортақ құндылықтар мен мұраттарға бірікті.
Қазақстанға өз еркімен немесе мәжбүрлі түрде келгендер жергілікті халықтың қонақжайлылығының, рухани және мәдени әдет-ғұрыптарының арқасында осы жерден пана тапты. Баршасының екінші Отаны ретінде өмір сүруіне, ұрпақ өргізуіне үлкен мүмкіндіктер жасалды. Ұлттар мен ұлыстардың ортақ мекені болған Қазақстанға этнос өкілдерінен риза көңілдер толастамай, алғыс айту күнін белгілеуге сеп болды.
Сонымен бірге, 1 наурыз - сталиндік репрессиялық саясаттың салдарынан туған жерлерінен күштеп Қазақстанға көшірілген сан түрлі ұлттың бүгінгі буын ұрпағының сол қиын-қыстау заманды еске алатын күні. Жүк вагондарына малша тиеліп, азап шегіп жеткенде өздеріне пана болған, қолдағы барын, бір үзім нанын бөліскен қонақжай да мейірбан қазақ халқына деген риясыз алғыс-ризашылығын білдіру - Алғыс айту күнінің түйінді идеясы.
Бұл мереке көпұлтты республикамыздың халқы арасындағы достық, мейірімділік пен келісімнің көрінісін паш етеді. Сүйіспеншілік пен патриотизм мерекесінің мемлекеттің ішкі бірлік-берекесін, ынтымағын нығайту, экономикасын алға бастырып дамыту үшін біріктірушілік бағытындағы ролі де ерекше. Мейірімділіктің, бүкіл отандастардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі 2016 жылдан бері тойланып келеді. Сонымен бірге, Елорданың төрінен «Қазақ еліне мың алғыс» монументі бой көтерді.
Жалпы, біреуге алғыс айту, біреуден алғыс алу, құлаққа жағымды ізгі тілек тыңдау көңілге шуақ сыйлайтын жақсы амал. Бүгінде қазақстандық қоғамның өзіндік ерекшелігінен туындаған мерекенің аясы кеңи түсіп, жалпыхалықтық сипат алды. Бұл күні баршасы бір-біріне барынша алғыс-ризашылығын білдіруге тырысады. Кіші үлкенге, дос досына, ұжым мүшесі барша ұжымдасқа дегендей, ақжарма тілектер айтып, құрметін көрсетеді. Осы жерде кейде көпшілік арасында «мерекенің әу бастағы мақсат-мүддесі өзгеріп кеткен жоқ па, өзге ұлт емес, өзімізге өзіміз айтып жүргеніміз қалай?» деген кереғар пікірлер де айтылып қалады. Бұл орайдағы ойымыз, кім кімге, қалай айтып жатса да, білдірілген ақ алғыстың артықтығы жоқ қой. Бір-бірімізге ризашылық танытқанның еш оғаштығы бола қоймас. Мұндай күн көптеген мемлекеттерде кездеседі, олардың өзіндік ерекшеліктері бар. Ал, Қазақстандағы Алғыс айту күні – өзімізге ғана тән айтулы күн.
Айбек НӘЖІМОВ