Елімізде алаяқтар қоғамға қауіпті болып саналатын өздерінің сан түрлі, соның ішінде мына бір әдістерін аудан аймағында да жүзеге асыруда.
Атап айтқанда, а.ж. қаңтар айының 27-і күні өзін Қазақстан банктерінің ассоциациясының қызметкері ретінде таныстырған «Евгений» есімді белгісіз тұлға аудан тұрғындарының бірінің қолданысындағы ұялы телефонға «Whatsapp» желісі арқылы телефон соғып, оның толықтай аты-жөнін айтып, сеніміне кіргеннен соң, бөтен адамдар банктегі есепшотына рұқсатсыз кіріп тұрғанын ескертіп, сол себепті есепшоттан ақшаның жымқырылуының алдын-алу мақсатында басқа банктерден есепшоттар ашып, ақшаларды аударым жасау қажеттігін айтып түсіндірген.
Одан әрі жәбірленушіні өздерінің алдауына түсіргенін білген алаяқтар оған әртүрлі сылтау айтып, ұялы телефон тұтқасын қоюға немесе басқа адамдармен байланыс жасауға мүмкіндік бермеген.
Өз кезегінде жәбірленуші өзінің есепшотында қомақты қаржы болғандықтан және белгісіз ер адам өзінің аты-жөнін атап қоңырау шалғандықтан оған сеніп, соның нұсқауымен өзінің банктегі депозитіне жинаған 3 млн.ға жуық ақшасын белгісіз тұлға берген есепшоттарға бөлек-бөлек аударып жіберген.
Оқиға аяқталысымен «Халық Банк» АҚ-на хабарласқан жәбірленуші өзінің алданып қалғанын біліп, Құрманғазы ауданының полиция бөліміне арызданған.
Аталған қылмыс оқиғасы бойынша полиция Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағымен (жүйені пайдаланушыны алдау және сенімін теріс пайдаланумен жасалған алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастап, қазір тергеу жалғасуда.
Бұдан басқа, осы жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында алаяқтар осыған ұқсас ойластырған айла тәсілдерімен (ұялы телефон байланысы арқылы) ауданымыздың 7 тұрғынын алдап соғып, жалпы соммасы 5 млн. ға жуық ақшаларын қолды қылған.
Сондықтан, алаяқтардың алдауына сеніп кез-келген мүліктік немесе ақшалай зардап шегіп қалмауды аудан тұрғындарының назарына саламыз.
Құрманғазы ауданының прокуратурасы