Алаш арысына ас берді

(1 Vote)

Қазақтың көрнекті тұлғасы, жерлесіміз, Алашорда үкіметінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық мүдде мен Қазақстанның тұтастығын қорғаушы тұлға  Уәлитхан Танашевтің ұрпақтарының  ұйымдастыруымен «Еділ мен ұлы дала арасындағы өмір» атты еске алып, ас беру шарасы өтті.

Шараға аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, Уәлитхан Танашевтің ағасының немересі Асылбек Ибрагимов, жұбайы Гүлмира Ташанова, Татарстан Республикасының Ш.Марджани атындағы институтының профессоры, тарих ғылымының докторы Марина Имашева, осы жоғары оқу орнының Повольжя және Приуралья бөлімінің  ғылыми қызметкері Халида Багаутдинова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Жамиға Таңатарова, университеттің биология кафедрасының профессоры Хансұлу Құспанғалиева, Атырау облыстық өлкетану мұражайының басшысы Мұхамбетжан Бегеев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әділ Жоламанов, «Байұлы Шеркеш ата» қоғамдық қорының ақсақалдар алқасының төрағасы Ардақ Аманиязұлы және басқалары қатысты.  

Еске алуға қатысушылар алдымен Мақаш әкім кесенесіне  барып, Құран бағыштады. Арыстарымызды қастерлеу  кесене іргесінде Уәлитхан Танашевке қойылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына жалғасты. Немересі, жасалып жатқан игі істердің басында жүрген Асылбек Ибрагимов пен еске алуды ұйымдастырушы Екпін Айтқалиев Қазан қаласындағы У.Танашев қабірінен әкелінген топырақты ескерткіш тақта артында арнайы жасалған орынға салды. Осылайша қазақ халқының ел болуы үшін күрескен, сүйегі татар жерінде жерленген Алаш арысының топырағы туған елімен қауышты. Ескерткіш тақта жамылғысын ашу құрметі аудан әкімі Абат Жанғалиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, академик, өлкетанушы Өмірзақ Қажымғалиев, Уәлитхан атамыздың бауыры Асылбек Ибрагимовке ұсынылды.

Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиұлы: – Уәлитхан Танашевке көзі тірісінде  өзінің асыл арманы туған жерінің ауасын жұту, дәмін тату бұйырмады. Ең соңғы сәтте: «Шыққан жаным, мен көрмеген жерге сен жетші. Сен барып тұрақтаған жеріңде ұрпақтарым бар, түбі жалаңаш қалдырмас, жабар», деген оймен дүниеден озған кісі екен. Міне, бәрекелді, ұрпақтары жиналып бүгін Уәлитхан атамыздың жаны жатқан жерден, 55 жылдан соң топырағын әкеліп жатыр. Сауапты жұмыс болсын. Осындай игі істі атқарған ұрпақтарына сол топырақтың әрбір талындай жас берсін! – деген ізгі тілегін жеткізді.

«Байұлы Шеркеш ата» қоғамдық қорының ақсақалдар алқасының төрағасы Ардақ Аманиязұлы: – Атырау халқы Уәлитхан атамыздың есімін мәңгі қалдыру бағытында тиісті істер атқарады деген сенімдеміз. Себебі, бұл кісі қалың қазақтың қамын ойлаған адам. Егер қара басын күйттеген жан болса қудаланып, сүйегі басқа елде қалмас еді. Біздің қорымыз жайлы да бір-екі ауыз сөз айта кетейін. Бұл қор 2023 жылы құрылды. Мақсаты – өскелең ұрпаққа халықтың салт-дәстүрін жеткізу, оларды жаңғырту, ауызбіршілікті насихаттау, елдің зиялы азаматтарын ұлығылау. Тек қана шеркештерді ғана емес, бүкіл халықты біріктіретін қоғамдық ұйым. Қордың төрағасы Дүйсенбай Қариев деген азамат. Құрылтайшысы Боранбай Тәжікенов, – деп аталған қор қазақтың батырларының құлпытастарын жаңартып, жатқан жерін қоршап, көптеген жұмыстар атқарып келе жатқанын, алда келе жатқан Мақаш Бекмұханбетовтің 200 жылдығын атқаруға да атсалысатын қор болатынан қаперге берді. 

Уәлитхан Танашевтің ағасының немересі Асылбек Ибрагимов: – Атамыз Қазақ елінің іргесін бекітіп, сегіз сағат бойы Ленинмен айтысып, мақсатына жеткен. Танаш атамыздың Сидеғали, Тним, Ибрагим, Жүніс, Арыстанғали деген бес баласы болған. Біз Ибрагим Танаштан тараймыз. «Неге Уәлитхан Танаш 1887 жылы туылған деп жазылады? Кітапта, газетте 1882 жылы деп айтылған» деген сұрақ жиі туындап жүр. Оны өзі көзі тірісінде солай жазған. Себебі, Уәлитхан атамыздың жұбайы Хадиша Ямашева 1883 жылы туылған. Содан өзіне 1 жыл қосып 1882 жыл деп жаздырған екен, – деді.

«Құмаршық» кафесінде ғылыми конференция түрінде өткен ас беруде «Уалитхан Танашев – Еділ мен ұлы дала арасындағы өмір» тақырыбында баяндама жасағандардан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Жамиға Таңатарова Уәлитхан Танашев туралы слайд арқылы ақпарат беріп, 3 жыл қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясы құрамында болғанда ол кісі туралы көптеген мәліметтерге қаныққанын жеткізді. Өзіне республикалық қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының  төрағасы Сабыр Қасымов хабарласып У.Танашев жайлы кітап шығарып, Қазақстанның бірнеше жерінде конференциялар өткізу жөнінде ұсыныс жасағанын айтты.  Атырау облыстық мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Райса Тастемірова Уәлитхан атамыз жайлы Қазан қаласында халықаралық дәрежедегі дөңгелек үстел ұйымдастырылып, Татарстандағы қабірінің басында қатты толқығанын, құлпытасының қасына белгі қойылып, қазақ мемлекетінің іргесін қалаушы екені жазылғанынан хабардар етті. Сөз тізгіні ел ағаларына, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, Құрманғазы және Исатай аудандарының Құрметті азаматы Зұлпұхар Сүйнішев, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, танымал ақын Таңатар Дәрелов, Атырау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әділ Жоламанов және басқа да  қатысушыларға беріліп, өз пікірлерін ортаға салды.

Соңында ұйымдастырушылар атынан Гүлмира Ташанова сөйлеп, Татарстан астанасы Қазан қаласында 5 күн болғанда Ш.Марджани атындағы институттың профессоры, тарих ғылымының докторы Марина Имашева үлкен құрмет көрсеткенін, аталған елдің ғалымдары жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан Уәлитхан Танашевтің басына барып тағзым еткенін тебірене жеткізді. «Байұлы Шеркеш ата» қоғамдық қорының ақсақалдар алқасының төрағасы Ардақ Аманиязұлы мен Гүлмира Ташанова, Екпін Айтқалиев осы жұмыстың басы-қасында жүргендер мен бір топ қатысушыларға шапан жауып, Алғыс хаттармен ұлығылады. Қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов сөйлеп, қатысушыларға ризашылығын білдірді. Шараны аудан өнерпазы Болат Бидоллаев жүргізіп, аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің әншісі Заря Қуанышқызы мен «Жиделі» фольклорлық ансамблі бірнеше әндер мен күйлер орындады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT