Қаламгерге құрмет көрсетілді

(1 Vote)

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, есімі облысымызға, ауданымызға кеңінен танымал ақын, түрлі тақырыптарда қалам тербеп келе жатқан штаттан тыс тілшіміз Есмұхан Жанизин мерейлі 60 жасқа толып отыр.

Осыған орай Құрманғазы аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Айнагүл Шакупова қаламгерді қабылдап, құрмет көрсетті.

Есмұхан Долайұлын мерейлі жасымен құттықтаған Айнагүл Күнұзаққызы: – ауданымызға  кеңінен танымал, көптен жазып келе жатқан, өзіндік сөз өрнегі бар қарымды қаламгерлердің, талай додаларда топ жарған айтыскер ақындардың бірісіз. Сонымен қатар сізді Жұмекен туған Ашаққа жақын жатқан Қошалақ өңірінде тұрып, сол жердің тарихын, танымал тұлғаларын, қыр бойында орын алып жатқан игі істерді арқау еткен, жазғандары аудан тұрғындары көңілінен шығып жүрген белсенді, шттаттан тыс тілшіміз ретінде де құрметтейміз. Жүрегіңіздің төрінен жарып шыққан өлеңдеріңіз жинақталған, оқырман көңілін серпілткен  кітаптарыңыздан, жазған мақалаларыңыздан туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің лебі төгіліп, қыр бойының бұйра құмдарынан аңқыған жусанның жұпар  иісін жеткізгендей болады. «Алпыс – талтүс», деп айтылғандай бұл жаста да шабытыңыз шалқар теңіздей шалқып, қаламыңыздың қарымы қайтпай, ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелейтін туындыларыңыз көбей берсін деп тілеймін!, - дей келе құттықтау хаты мен естелік сыйлығын табыс етті.

Редакция журналистерінің тілегі тыңдалғаннан кейін, мерейгер Есмұхан Долайұлы: – Мен бұрыннан да редакциямен тығыз қарым-қатынастамын. Жазғандарымды үзбей жіберіп тұрамын. Азғыр өңірінде де барған жерімде аудан айнасына жазылу қажеттігін үнемі айтып жүремін. Биыл таралымдарыңыз артып, үздік редакция атанып отырсыздар. Осының өзі басылымның оқырмандары үшін үлкен мерей, биік белес. Соңғы уақыттарда  газет тартымды, мазмұнды болып шығып келеді. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. Біздің шағын ғана Қошалақ ауылында да төрт отбасы «Серперге» жазылды, - деп көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521