Атырау облысындағы аудандық газеттердің абызы «Серпер» осы жылғы қазанның 10-ында тоқсан ғұмырдың тұғырына көтеріледі.
Ата-бабамыздың, туған өңіріміздің жоғалмас шежіресі, жалғыз түйір шанымды, деректі ақпарат көзі қандай деңгейде болса да салихалы пікір білдіріліп, өткенін саралайтын дәрежеде аталып өтілетін шығар деген үміт үкілейді. Ол енді келер күндердің мойнындағы шаруа.
Төл газетіміздің тоқсан тарау жолына үңіліп, өткені мен кеткенін, кешкені мен жеткенін жетемізге салар шадыман шаққа сол газеттің иелері саналатын құрманғазылықтар қалай баруымыз керек сауалы туындаса, алдымен көңіл көншітерліктей таралыммен дегенге талас болмауға тиіс. Осы ауданның әрбір елжанды тұрғыны үшін «Серпердің» орыны жоғары екендігі түсінікті. Соңына үңілсек соқпақты жолдарында ауыр еңбекте иығы қажалғандар мен аштық азабын шеккендердің, сұрапыл соғыста қан кешкендердің, елдегі жанқиярлықтың, одан бергі тұралаған, қирандыға айналған ортақ тірліктің мүддесінде моймай алашапқын болғандардың, кешегі дәуірлеу тұстарының, бүгінгі Тәуелсіздік тіректерінің асыл бейнелерін, тірлік болмыстары сайрап ақ тұр. Олар өзгелердің емес, өзіміздің ата-бабаларымыз әке-шешелеріміз, аға-әпкелеріміз. Демек осы өңірдің, киелі жұрт – Кемел ауданның шешіре дерегі, шамырқанған шындығы, тұтас болмысы, тұмар-төлқұжаты екені ұғынғанға солай. Осы ауданның тарихына дерек іздеп алыстан ат сабылтып келген ағайынның талайы реакцияда хаттаулы тұрған «Серпердің» бетінен керегін тапқанына өз көзіміз куә.
Тұмардай мойынға ілер басты төлқұжат екені де дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Аудан әкімінің, аудандық Мәслихаттың өкімдері-шешімдері, қаулы-қарарлары, т.б. міндетті түрде газетке басылуға тиісті құжаттарына аудан айнасы орын бермесе қайда басылады, халыққа қалай жетеді?
Аудандағы сандаған құзырлы органдар, мекемелер, ұйымдар, түрлі ұжвмдар, шаруашылық өкілдері «осынымды осы газетке қалайда шығара гөріңіздер, облыстағы басшылық сұрап отырды» айтып, жандары алқыма тірелгенде алақандай беттерінен аялап орын беріп жаманатқа алақандай да осы «Серпер».
Одан да маңыздырағы, мемлекеттің, елдің, Президенттің жүргізіп отырған бүгінгі саясаты бүтіндігін сақтап, аудан аумағына, одан да әріге «Серпер» арқылы тарайды. Жұртшылық үні, пікір көзқарасы көрініс табады.
Аудан тұрғындарының да 90 жылдан бергі айнымас серігі. Бәріміз бірдей мақала, хабарлар жазып кетпегенімізбен қажетті жарнамаларымызды беріп елді құлақтандырамыз. Жүрекке жақын адамдарымызды туған күндерімен, мерейтойларымен, т.б. есте қалар қуаныштарымен құттықтаймыз. Өлең арнаймыз, құнарлы сөздің құдіретін сезіндіріп, ел жұрт алдында мейманасын тасытамыз. Алақанына салған азын-аулақ ақшадан, шапан, жөн-жоралғы басқадан осы дұрыс емес пе? Ханның басын игізіп, қараны шұбырынды қылған қайран өнердің асылы қара сол сөзбен жақын адамыңның қажетті сәтінде жан-жүйесін шұғылаға бөлеу барып тұрған кісілік. Олай болса бұл қажетіңізді «Серпер» қапысыз өтеп келді емес пе?
Қанша ма тағдырлас үлкен-кіші мынау бес күндік пәни-жалғаннан жүзін жасырып, құбылаға беті бұрылып жатыр. Қазалы әулет-жаралы жүректерге газет арқылы жеткізген бір ауыз «көңід хошың» өлгенін тірілтпегенмен артындағыларға ел-жұрт, ағайын-тума, дос-жаран бар екенғойды сезіндіріп, еңселерін тіктеттергінін куәға тартып қайтеміз.
Демек, «Серпердің» қажет емес жері жоқ. Әр шаңыраққа асыға жетіп аудан жаңалықтарымен хабардар ету үшін де. Ашығын айтар, ашынғанына ес жиғызар, жетістікке жел бітіртіп, кемшілікке кесірдей тию үшін де. Аудандағы жасампаздық істерді, олардың қаһармандарын замана заңғарында көріктендіру үшін де «Серпер» қажет ақ шіркін!
«Тәжівирус» тәсімізді қайтармаса да қыруар шаруамызға қолбайлау болғаны рас. Соның бірі – «Серперге» 2020 жылдың келесі жарты жылына жазылу мәселесі. Өткір күйінде қалып отыр. Әрине аумағынан лайықты бағасын алған аудан әкімі Қайрат Талапұлының бұл шаруаға қозғау салмақ ниетте алдын тапқанымызда ажарлы әңгімесін тыңдап көңіл марқайды. «19 округіміздің әкімдері аман тұрса, бұл мәселенің реттелеріне шанымды болыңыз!» Өз сөзі, басшының байсалдығы.
Ауызды қу шөппен сүртпей» хақында әңгіме өрбітсек кері тарландар аламанға айтқызбай кіріскендегі. Әкімдік міндетін қылаусыз атқарып келген Бірліктің бірегейң Бауыржан Ақпановтың тұғырдағы мерзімін айтсақ 12:00-ге 5 минут қалуына қарамастан «Серпердің» болжамын 60 пайыздан асырып үлгердік, деп әдеттегідей шаттана күлді. Орлының тәжірибелі Асқары сәл-пәл тулап алғанымен алға зытып барады. Көп демеушілерінің деміне шарпылғанын естіп біліп қуанып отырмыз. Кудряшовтың Сақтапбергені бұл мәселеде бұрынғыдай мүттәймсімейді, мұнайшылармен ауыз жаласқан, яғни мұртын балта шаппайды. Сафонның Розасы ғұмыры борышкер болып көрмеген, «болады» дейді және болдырумен келеді. Азғыр бойынан әлі хабар жоқ, қарқындарын кемітпеуші еді...
Қанат тұлпардың ұзақ жылдар аунағандағы түгі жұққан інісі Руслан да жарқырап көрініп еді, сірә бұл жолы да күткен межеден шықпай қоймас. Оның үстіне Біржан Ахонұлы сияқты алақаны жабылса ауыра бастайтын әйгілі кәсіпкер сол ауылда. Дыңғызылдың Оралбайы Сабыржан Сұлтановы тұрғанда тұмауратып көрмеген. Қиғаштың Жігер Жанхановы жігерлі сөзін жұтқан емес. «Көптоғай округін Балтаев Батырбек басқарғанда баспасөзге жазылудың бағы жанғанын айтып өту-еңбегіне берілген әділ баға деп түсініңіз. Мақаштың Болатының ұғымын «болмайды» сөзі біржола түсіп қалған. Басқа да әкім бауырларымыз әйтеуір науқанның соңғы сәтінде қуанышпен қара көрсететін. Бұл жолы да солай болғай! Ел-жұртымыз аман, байтақ бүтін, бағыт айқын! Басқасы, басқа, қызыл тулар көтерген көкелердің көзіндей, Тәуелсіздіктің ант сөзіндей ауданның желбіреген ар жалауы өздеріңіздің "Серперлеріңіздің" намысын ойлар деген оң пікірдеміз, қазіргі сәтте.
Алда аудан айнасының тоқсан тарау жолына куәгерлік етер тұғырлы тоқсаны, Тәңірім аман табыстырған сіз бен бізді сол дүбірлі күннің дүрмегінде!
Таңатар Дәрелұлы,
«Серпердің» ұзақ жылдар бас редакторы,
«Атырау аймақтың бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы