«Ат – ер қанаты» деп жалы төгілген қыл құйрықтыны қадір тұтқан халықтың ұрпағымыз. Тұяғымен жер тарпып, ауыздығымен алысқан сәйгүліктер додаға түссе оның тілеуін тілеп, тақымын қыспайтын қазақ кемде-кем. Ат үстінде шабандоз емес, өзі бірге шауып келе жатқандай делбесі қозып, қиқуға басады. Бабадан мирас болған ат спорты бүгінде ауданымызда дамып келеді.
Мұнда туған жеріміздің абыройын асқақтатып, мерейін үстем етіп жүрген аудан атбегілерінің үлесі зор. Себебі, бәйге атын баптау, терін алу, сайысқа дайындау оңай шаруа емес. Олар баптаған тұлпарлар түрлі жарыстарда жүлдесіз қалып жүрген жоқ. Жақында олар тағы бір рет жеңіс тұғырынан көрінді.
Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында өткен Мыңбай батыр кесенесінің ашылуына орай ұйымдастырылған аламан бәйгеге ауданымыздың атбегілері де қатысты. Дала төсін дүбірге толтырған аламан бәйгеде Қабдыжалелов Расулдың жүйрігі ауданымыздың намысын қорғап жүлделі ІІІ орынға ие болды. Тұлпардың тұяғы талмасын деп тілек білдіреміз. Тұлпарды биылдыққа 7 рет бәйгеге қосып, бағын сынаған Жанарыс бапкергеде сәттілік тілейміз. Ауданымыздың атын шығарып жүрген аудан атбегілерінің еңбектері ақталып, жеңісті жолдары жалғасын таба берсін!