Алаңдауға негіз жоқ

(0 Votes)

Бұған дейін 28 қазан күні Волгоград облысының Ворошилов ауданында кәріздік жүйедегі орын алған апаттың салдарынан лас су Еділ өзеніне құйылғаны туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарады.

Сол күні Вологоград қаласының 50 жыл бойы жұмыс жасап келе жатырған кәріз жүйесінің үстіндегі топырағын жаңбыр шаюы салдарынан қоршаудың темірбетонды бөлігі құлап Ворошилов және Совет аудандарына қызмет көрсетіп тұрған коллектрдің 1200 мм құбырларын зақымданған. Нәтижесінде олардағы лас қалдықтар сыртқа ағып, Еділ өзеніне дейін жеткен. Соған орай қаланың аталған екі ауданында жергілікті бағыттағы төтенше жағдай жарияланған. 31 қазан күні Волгоград облысының губернаторы Андрей Бочаров жаңа коллектор қойылып құбырдың 500 метрі ауыстырылып, апатты жағдай жойылғанын мәлімдеді. Мұның бізге қатысты жері Қиғаш пен Шора өзендері Еділден бастау алады. Тұрғындар мен төрт түлік ішіп отырған ауыз суымыз ластанған жоқ па? Қауіптілік деңгейі қандай? Осыны білмек ниетпен аудандық санитариялық-эпедемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гауһар Тоғаеваны әңгімеге тарттық.

– Апат орын алғаннан кейін аудан көлемінде қандай қауіпсіздік шаралары жасалды?

– Ол  туралы хабар жеткен соң Ресеймен шекаралас елді мекендердегі Қиғаш, Шортанбай, Көптоғай, Жыланды, Әліпов, Құрманғазы, Афанасьев су тазарту қондырғылары мен Қиғаш өзенінің Көптоғай, Шортанбай, Бөкейхан,Қиғаш, Жыланды, Шора өзенінің Құрманғазы, Нұржау елді мекендеріндегі тұстарынан микробиологиялық, химиялық, паразитологиялық, вирусологиялық зертханаларға сынамаларды күн сайын алдық. Үнемі бақылауда ұстадық. Алынған су сынамалары Атырау қаласындағы вирусологиялық зертханаға жолданды. Нәтижесі бізге хабарланып отырды. Күдік тудырып, дабыл қағатындай жағдай орын алған жоқ.

– Қазір қауіп сейілді дейсіз ғой? Лас су бізге жетпейді ме?

– Жағдайды толық бақылауда ұстап отырмыз. Еділ үлкен өзен. Волгоград облысы да бізден қашықтау жатыр. Сол себепті бізге жеткенше біраз тазарады. Астрахань облысында орын алса, біздегі арналар лезде ластанар еді. Бұл арқаны кеңге салу емес. Қазір күнара сынама алып жүрміз. Су таза! Қиғаш су сорғысы Маңғышылаққа тауарлы су жіберумен айналысады. Олардан 4 сағат сайын сынама аламыз.Бірақ,  «Сақтықта қорлық жоқ», деген сөз бар ғой, халыққа ауыз суды қайнатып ішуді ұсынамыз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT