Алғысым шексіз!

(0 Votes)

Қазақ елі қашанда ұлттар достығының бесігі саналады. Әу бастан-ақ халқымыз татулық пен бірліктің, ынтымақ пен берекенің ұйытқысы бола білді.

Алғыс айту күні – бұл өткен ғасырдағы қуғын-сүргін салдарынан Қазақстанға еріксіз қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерінің  қонақжай халқымызға деген ыстық ықыласын көрсететін сәті. Ауданымызда да басқа ұлт өкілдері бар. Олардың сіңісіп кеткені соншалық, қазақпен құдандалы болып отырғандары да аз емес. Осы уақытқа дейін өзге ұлт өкілдерін ешкім кеудеден итеріп, шеттетіп көрмеген. Барлығы да жергілікті ұлт өкілдерімен өзара сыйластықта ғұмыр кешуде.

Солардың ішінде халықтың жылы ықыласына бөленіп, қазаққа келін болған, 85 жастағы кейуана, қалмақ ұлтының өкілі, Еңбекші ауылдық округінің тұрғыны Тоня апайдың есімі құрманғазылықтарға жақсы таныс. Ресейдің Қалмақ АССР-інде туған Антонина Даваева 1943 жылы 7 жасында қуғын-сүргінге ұшыраған ата-анасымен бірге Өзбекстанның Қарақалпақ автономды облысынан бір-ақ шығады. Жетінші сынып бітірген соң Гурьев қаласына (қазіргі Атырау) келеді. Осындағы ауыл шаруашылығы техникумында 4 жыл білім алып, зоотехник мамандығын меңгерген. 1985 жылы Құрманғазы ауданына келіп, жолдамамен Еңбекші ұжымшарына алғашқы еңбек жолын бастайды.

1970 жылы Гурьев педагогикалық институтын бітіріп, аудан орталығындағы Абай, Ломоносов, Каспий мектептерінде педагог болып та жұмыс жасап, орыс тілінен сабақ берді. Кейін 1977 жылы партияның ХХV съезі атындағы кеңшарда байланыс бөлімшесі ашылған соң, Алматыда екі ай оқып келіп, аталған бөлімше бастығы қызметін абыроймен атқарды. Осы жерде 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек етті.

Ұлты, діні, түрі басқа болғанымен, жүрегі «қазағым» деп соғатын қалмақ ұлтының өкілі Тоня апайдан жылы лебіз тыңдағанды жөн көрдік. – Әрбір адамның өзінің ерекшелігі, қызығушылығы, сенімі бар. Бірақ, біздің барлығымызды бір нәрсе біріктіреді. Бұл – тату-тәтті өмір сүруге деген құлшыныс. Аллаға шүкір, елімізде 140 этнос бір шаңырақ астында берекелі ғұмыр кешуде. Осы қымбат құндылығымызды әр қазақстандық одан әрі сақтап ұрптақтан-ұрпаққа жеткізуі тиіс. Мен 1959 жылы Өтеп Имамұратовпен отбасын құрдым. Қолымызда ата-енем болды. Оларды бағып-қағып көңілдерінен шықтым. Мәскеудің Тимирязев атындағы институтына түсіп тұрып, сол кісілердің қамын ойлап, кері қайттым. Қиындығы мол, халықтың тұрмысы әлі түзеліп кете қоймаған соғыстан кейінгі ауыр жылдарда оларды тірек тұттым. Қазақтың келіні атанғаныма еш өкінбеймін. Осы ауданға 21 жасымда келгенімде қазақша білген жоқпын. Ауылдық жердің халқының көпшілігі ол кезде орысшаны түсіне бермейді. Бірақ, жергілікті тұрғындар «Мынау қазақша білмейді демей», мені өз қыздарындай жылы қарсылап, қолдарынан келген көмегін аямады. Осы жерде зейнетке шыққанша еңбек етіп, ауданның дамуына өзіндік үлес қостым. 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірдім. Аллаға шүкір, бүгінде балаларымнан 16 немере-жиен, 31 шөбере сүйіп отырмын. Бойымда қалмақ қаны болғанымен, жаным – қазақ. Орталарына келгенімде қамқорлаған, негізгі атым «Тося» болса да «Тоня» деп атап, қатарларына қосып, қолдауын білдірген жергілікті халыққа алғыс айтамын. Қонақжай қазақ халқы – қандай құрметке де лайық. Қазақтың сайын даласындай кең пейіліне, дархандығына, қашан да көмекке әзір тұратындығына әрқашан да тәнтімін. Бірілігіміз берік, іргеміз бүтін болып, Тәуелсіз мемлекетіміз гүлдене берсін, - дейдіі Тоня апай ақ батасын беріп.   

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT