Алғысқа бөленген Гауһар

(7 Votes)

Гауһар Болатбаева – есімі ауданға кеңінен таныс «бизнес ледилердің» бірі. Оның жүзінен шынайылықты, ерекше жылылықты, қарапайымдылықты байқайсыз. Бизнес өкілімін деп тәкаппарсу, менменділік жоқ.

Осындай қасиеттерінен, халыққа жақындығынан шығар, биыл аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. 1993 жылы Алматыда оқып, халық шаруашылығындағы еңбек экономикасы және социалогиясы мамандығын игеріп, елге келген Гауһар тоқырау заманына тап болып, мамандығына сай жұмыс таппады. Алайда, кездескен қиындықтарға жасымады. Заман талабына сай алдымен азық-түлік тасып, кейін Алматы, Мәскеу қалаларынан, Түркия шаһарларынан киім-кешек әкеліп, сатуға көшті. Іші суық темір базар, «Серперде» бүрсең қағып сауда жасады.

– Оның бергі жағында бизнесімді дамытуға қанша ұмтылсам да неше түрлі қиындықтар қадамымды тұсаулады. Бөлек дүкен, ресторан саламын дегеніммен сәті түспеді. Сөйтіп жүргенде осы «Құралай» сауда үйін сататынын естідім. «Ішінде екі сауда нүктем бар, мұны басқа біреу алса қайда барамыз? Күніміз не болмақ? Неге өзім сатып алмаймын?», деп ойладым. Ғимараттың жағдайы нашар, көп жөндеуді қажетсінетініне қарамастан тәуекел еттім. Содан бері үш жыл қатарынан жөндеп келемін. Бір жылы жоғары, келесі жылы төменгі қабатын, үшінші жылы сыртын жөндетіп, жағдайын жақсарттым. «Еңбек ер атандырады», дегендей, адал жұмыс жасасаң халық та бағалайды екен. Әкімшілік тарапынан да қолдау көрсетіп, марапаттап, медаль да беріп, ұлығылап жатыр. Жазда кілем сататын орында отырсам бір ер адам амандасып: «Гауһар екі рет сізді іздеп келдім, болмадыңыз. Сізге рахмет айтайын деп едім», деді. Не үшін екенін сұрағанымда: «Халыққа қызмет етіп отырсыз. Мына ғимаратты жарқыратып, осындай сәулетті күйге жеткіздіңіз. Бәрін өзіңізге жапсыратын болсаңыз, көліктен-көлік, үйден-үй ауыстырып жүрер едіңіз. Ондайлар жоқ емес қой. Бар тапқан-таяғаныңызды осында, базарда тұрғандарға жағдай туғызуға жұмсайтыныңыз көрініп тұр» деді. Сонда халықтың еңбекті бағалай білетінін ұқтым. Кейін нан-тағам комбинатын да алдым. Кез-келген бизнестің жүрегі есеп жағы ғой, өзім экономист-математик болғаннан соң, есепшілікті жақсы меңгергеннен кейін жұмысымыз алға басуда. Әрине, қиындық өте көп. Комбинатты отбасылық бизнеске айналдырдым, оны ұлым Азамат пен келінім Александра жүргізіп отыр. Біреуі техника жағынан жүгіріп жүрсе, екіншісі есеп-қисабын дұрыс жасап, менеджер ретінде көмектеседі. Өзімде де жұмысын жауапкершілікпен атқаратын мамандарым бар. Ұн қымбаттағалы нан шығарудан дұрыс пайда көріп отырғанымыз жоқ. Жүріп жатқан бизнесті тоқтата алмаймын, себебі онда отыз адам жұмысқа тартылған. «Пайда көрмесек те, халыққа қызмет етейік, адамдарды жұмыссыз қалдырмайық», деймін балаларыма, -дейді Гауһар алға қарай үкіметтен көмек сұрамақ ниеті барын жеткізіп.

Кәсіпкер зауытта 30, сауда үйінде 8 адамды жұмыспен қамтуда. Пандемия кезінде, өлім көбейгенде кәсіпкерлердің басын қосып, халыққа тегін азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді әпергенінен хабардармыз. Қазір де округ айтса ондай көмек көрсетуден тартынбайды. Гауһар Сиғуатқызының үлкен қызы тұрмыста. Қолында ұлы мен келіні, кіші қызы, немересі бар. «Көмегіміздің адамнан қайтуын сұрамаймыз. Құдайдан қайтары анық», дейді кеңпейіл кәсіпкер. Біз де еңбегінің жемісін көре беруін тілеп қоштастық.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521