Құрманғазы ауылдық округі жанындағы аналар кеңесі мен М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебі жанынан " Ақжүніс" қыздар клубының ашылу шарасы өтті.
Шара мектеп жанындағы домбыра үйірмесі қатысушыларының орындауында Әбдімомын Желдібаевтың " Ерке сылқым" күйімен ашылып, қыздар жөнінде өлең мәнерлеп оқылды. Мектеп қызметкері Аружан Қыдырова Марат Омаровтың " Қыз сыны" әнін орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
М. Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Ғалия Мұраталиева шара қонақтарына "Ақжүніс" қыздар клубының құрылу мақсаты мен мәнін түсіндірді. " Ақжүніс" қыздар клубының ережесін аналар кеңесінің мүшесі Құлбаева Гүлфара таныстырды. “Қыз бала тәрбиесі" туралы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Әсем Таяшова баяндама жасады.
- Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Қызды тәрбиелеу - ұлтты тәрбиелеу. Біздің жалпы мақсатымыз - қыздарымызды имандылыққа,ізеттілікке, әдептілікке баулу болмақ. Қоғамдық ортаға бейімдеп, салт- дәстүр мен дүниетаным аясында тәрбиелеу, сұлулық пен денсаулықты сақтаудың,салауатты өмір сүрудің басты қағидаларын ұстануды үйрету, - деді.
"Ақжүніс" қыздар клубының ашылу шарасына арнайы қатысқан аудандық аналар кеңесінің төрайымы Хасенова Балғаным мектеп әкімшілігіне, ауылдық аналар кеңесіне зор ризашылығын білдіріп, клубтың алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Шараны қортындылаған Құрманғазы ауылдық округі жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Тукестаева Гаухария клубтың алдағы жоспарларымен бөлісті.
Шараға қатысушы аналар арнайы жасақталған гүлге өз тілектерін жазып, қатысушы қыздарға табыстады. Соңында Гүлнұр Өмірбаеваның "Қыздар,қыздар ару қыздар" әнін нұржаулық Айзада Бауыржанқызы орындады.
Айнагүл Күнұзаққызы