Еліміздің батыс аймағының үш облысында үстіміздегі жылдың 1 сәуірінде басталған «Бекіре-2025» кең ауқымды балық қорғау акциясы жалғасады. Оның аясында табиғат және құқық қорғау органдарының қызметкерлері балықтардың, оның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашу орындарына көшуін қамтамасыз ету мақсатында заңсыз аулану мен айналымына қарсы біріккен іс-қимыл жүгізеді.
Акция кезінде браконьерлік фактілері орын алуы ықтимал жерлерде жылжымалы бекеттер мен мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылады. Бұл ретте негізгі күштер мен құралдар Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында және Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістігіне шоғырланады. Сонымен қатар, акция кезеңінде әуежайларда, вокзалдарда және автотрассаларда балық өнімдерін ел аумағынан тыс жерлерге әкетуге, яғни заңсыз тасымалдауға бақылау күшейтіліп, тосқауыл қойылады. Акцияда Атыраудан 604, Батыс Қазақстаннан 222, Маңғыстаудан 640 табиғат және құқық қорғау органдарының қызметкері жұмыстанады. Оларға 300-ге жуық автокөлік пен квадроцикл, 84 қайық пен шағын көлемді кеме, 6 ұшу аппараты бөлінді. Жайық-Каспий бассейнінде жеті стационарлық, он бір жылжымалы бақылау пункті, жедел жағдайға байланысты бір мобильді топ жұмыс жасайды. Өткен жылғы балық қорғау акциясы барысында 945 табиғат қорғау заңнамасын бұзу дерегі анықталып, 694 заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 71 қылмыстық іс тіркелді. Кінәлі деп танылғандарға жалпы сомасы 19,4 млн теңге айыппұл салынып, браконьерлерден заңсыз ауланған 11,3 тонна (оның ішінде 2,2 тоннадан астамы бекіре тұқымдас) балық, 8,3 келі бағалы балықтың уылдырығы, 44 жүзу құралы және 1 578 балық аулау құралы тәркіленді.
Биылғы жылы да осындай көлемде жұмыстар атқару көзделіп отыр. Жалпы балықтың қай-қай түріне де уылдырық шашу кезінде тыйым салынады. Балық қорғауды тиімді ұйымдастыру мақсатында инспекция мамандары заңсыз балық аулаушылардың әрекеттеріне тосқауыл болып, ортақ байлықты талан-таражға салудың жолын кеседі. Балық қорын пайдаланушы ұжымшарлардың өздеріне бекітіліп берілген орындардан ғана аулауларын қадағалайды. Сонымен қатар, әуесқой балық аулаушыларға балық қорғау заңнамасы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Эрик НУРУШЕВ,
Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінің бас маманы