«Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық, абаттандыру-көгалдандыру жұмыстары бойынша «Amanat» партиясының аудандық филиалы мен Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі бірлесіп, бейсенбілік сенбілік өткізді.
Аталған кәсіптік-техникалық білім ұясының директоры, партия мүшесі, аудандық мәслихаттың депутаты Болатбек Өтегенов: – Бүгін «Amanat» партиясының аудандық филиалымен бірге «Таза Қазақстан» акциясы аясында бейсенбілік сенбілік өткізгелі тұрмыз. Оған партияның аудандық филиалының өкілі Балағазы Иманғалиев қатысып отыр. Ауламызды, колледж айналасын тазарту жұмыстарын жасаймыз. Ауылымыздың тазалығы әрбір үйдің, көшенің, мекеменің тазалығынан басталады,– деп сәттілік тілеп, ортақ шаруаға өзі де атсалысты. Жастар, сабақ өткізуден бос ұстаздар, ұжым мүшелері акцияға ұйымшылдықпен қатысты.


Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінде 200 оқушы, 32 ұстаз, 35 техникалық қызметкер бар. 18 адам «Amanat» партиясының мүшесі. Колледжден бізге берілген мәліметте «Таза Қазақстан» акциясы бейсенбілігінің аясында 3 гектар жер тазартылып, 2 тонна қар, жапырақ, басқа да қоқыстар шығарылған.
Қанат ҒҰМАРОВ


