Ақкөлдегі ақ халатты абзал жандар

(0 Votes)

Дамыған елдердің тәжірибелерін меңгеру арқылы озық елдердің қатарына енуді мақсат тұтқан еліміз соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына аса мән беріп келеді.

Халық үшін ең маңызды сала – денсаулық сақтау саласында біраз жетістіктер күтілетін ауқымды шаралар жасалды. Елімізде Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру қолға алынды. Пилоттық жоба бойынша 655 медициналық-санитариялық нысан бой көтеретін болады.  Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған аудандық ауруханаларды жаңғырту және оларды жарақтандыру арқылы 32 заманауи ауданаралық көпбейінді орталық аурухана салынып, ауыл тұрғындарының шұғыл медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі арттырылады. Көзі қарақты жұрт қазірдің өзінде медицинаның көз ілеспес жылдамдықпен дамып, елді мекендерде медициналық ұйымдар көптеп ашылып жатқанына куә болуда. Мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің денсаулығымызды бақылайтын ақ халатты абзал жандардың қоғам алдындағы еңбегі еселі. «Әр науқастың өмірі үшін тікелей жауаптымыз» дейтін дәрігерлер қауымының жұмысы расында да үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Мамандықтың ішіндегі ең қадірлісі – дәрігерлік. Дәрігер болу екінің бірінің қолынан келе бер­мейді. Ең алдымен шыдамдылықты, жауапкершілікті, мамандығына деген адалдықты қажет ететін ең абыройлы мамандық. Қазір ауыл халқы мықты дәрігерлерге мұқтаж. Жас мамандар ауылдық жерге көбіне бара бермейді деп жатады. Алайда өзім тұратын Ақкөл ауылдық дәрігерлік емханасына меңгерушілік қызметке келген жалпы тәжірибелі дәрігер Ақтоты Мүслімова тындырымды ісімен тұрғындардың жақсы лебізін алып үлгерді. 2023 жылы медициналық институты бітірген жоғары білімді маман ауданымызға жолдамамен келіп, орталықтағы емдеу мекемесінде еңбек жолын бастады. Қай кезде де ең қиын, әрі жауапкершілігі мол оқу орнын ойдағыдай бітіріп шығу оңай емес. Ол үшін шыдамдылық пен білімге деген құштарлық алдыңғы орында тұру керек. Міне, осындай қасиетінің арқасында Ақтоты Талғатқызы оқу орнының тиісті сатыларынан ойдағыдай өтіп, білікті маман ретінде аудандағы дәрігерлер қатарын лайықты толықтырды. Бізбен әңгімесінде «Дәрігер болу бала күнгі арманым еді. Сол арман-тілектің жетегімен қаншама қиын соқса да, денсаулық сақшысы мамандығын алғаныма қуанамын. Тұрғындардан алғыс ал­­ғанға не жетсін. Дертіне шипа іздеп, ал­дыңа келген науқасқа жылы шырай таныту дәрігердің міндеті. Алғашқы еңбек жолымнан бастап осыны ұғындым. Адам өз денсаулығы үшін ең алдымен өзі жауапты болуы керек. Ауылда тұратын әрбір тұрғынға саламатты өмір салтын ұстану туралы кеңес беріп, спортпен шұғылдануға шақырамын. Осы Ақкөл ауылына келгелі бері тұрғындармен етене араласып, олардың жағдайын білу мақсатында жақынырақ танысуға жұмыстандым. Мойныма үлкен міндет жүктелгендіктен уақытпен санаспай жұмыс жасауыма тура келді. Қармағымдағы басқа да дәрігерлермен, медбикелермен, санитарлық қызметкерлермен ортақ тіл табысып, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға барымызды салып келудеміз» дейді жас та болса өз ісіне тым-тәуір төселіп қалған дәрігер қарындасымыз.

Ақкөл дәрігерлік емханасындағы 35 жылдан астам медицина саласында еңбек өтілі бар тіс дәрігері Нұржамал Сүйінованы, акушер Қаламсия Жанғатаеваны,  жалпы тәжірибелі медбике Әлия Хабибуллинаны көпті көрген тәжірибелі мамандар санатына жатқызуға болады. Көпті көрген дейтініміз тәуелсіздіктің алғашқы қиындау жылдарында ауылдағы дәрігерлік қызметті ақсатпай алып шыққан майталман ақ халалттылар осылар болатын. Қазіргі уақытта бірге істейтін аға мейірбике Айгүл Сағындықова, акушер Альмира Менетаева, жалпы тәжірибелі медбикелер Айнұр Нұғманова, Гүлнұр Ғалиденова, лаборант Жазира Қуанғалиева, әлеуметтік қызметкер Ақбөбек Қанатовалар аға буын әріптестерінен үйренуден жалықпаған жас ізбасарлары.

Денсаулық сақтау саласында орта буын медицина саласы қызметкерлерінің де еңбегі зор. Өйткені, адамның өмірі қыл үстінде тұрған қауырт шақта алғашқы көмек көрсететін де осы мамандық иелері. Мықты деген дәрігеріңнен білімі мен тәжірибесі асып түспесе, кем түспейтін медбикелер барын ешкім жоққа шығара қоймас. Баймурзаева Толқын Ержанқызы

сондай тәжірибелі мейірбикелердің бірі. Өз кәсібін ұршықша үйірген маман осы емдеу мекемесінде қызмет етіп келеді. Күрделі де, жауапкершілігі мол маман­ды­ғының арқасында ауыл тұрғындарының ден­саулығын қадағалап, ауыра қалса дәрігер белгілеген ем-домдарды уақытылы жасап отырады. Оның үнемі жылықабақ танытып, іш-бауырыңа кіріп тұратын адамгершілік қасиетіне еміне жүгінгендердің барлығы дән риза. «Адал еңбек етсең, міндетті түрде алдыңнан шығады» деген ой түйген ол мамандығына кір келтірмеуге тырысады.

Ақкөлдегі медицина саласына қатысты мекеменің бірі ауылдағы №21 дәріхана. Онда қырық жылдан бері өз ісінің білгірі Ельжанова Татьяна Викторовна еңбек етеді. Тұрғындардың бәрінің бірдей аудан орталығындағы дәріханаларға барып жүрулеріне жағдайлары көтермейді. Ауданға барудың да қажеттігі шамалы, ондағы бар дәрі-дәрмек мұнда да бар. Теміржолға қарасты болып келген бұл дәріханаға медициналық тауар тікелей Ақтөбе қаласынан тасымалданады. Шағын дәріхана ісін тап-тұйнақтай жүргізіп отырған Татьяна өз ісіне өте ұқыпты. Дәрі-дәрмектерді саудалаудың өзіндік тәртібін бұлжытпай сақтайды. Дәрігердің рецептімен берілетін дәрілерді талап бойынша ғана босатады. Олардың жарамдылық мерзімін мұқият тексеріп, сатылымын жаңғыртып отыруды қадағалайды. Үнемі біліктілікті арттыру оқуларында болып, мамандығын жетілдіруді де ұмытпайды.

Дәрігерсіз ауыл дәрменсіз күй кешері айдан анық. Тірлік болғасын басың ауырып, балтырың сыздамай тұрмайды ғой. Сондай кезде алдымен шыбын жаныңа араша тұрар, дендеген дертіңе дауа табар дәрігерлерді іздейтініміз белгілі.   Ендеше күндіз-түні денсаулығымызға жан ауыртып, мігір таппайтын ақ халатты абзал жандарға кәсіби мерекелерінде еселі еңбектерін көрсетіп, шағын мақала жазуды жөн көрдім. Мереке құтты болсын, дәрігерлер!

Ораз КАМАЛОВ,

Ақкөл ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521