Ақкөл ауылдық мәдениет үйінде аудандық аналар кеңесі және оның жанындағы «Жас отбасылар» клубының қолдауымен «Әже – елдің шежіресі, ене – шаңырақтың тірегі, келін – болашақтың тәрбиелеушісі» атты аналар фестивалі өтті.
Шара «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана» республикалық жобалары және Отбасы күні аясында ұйымдастырылды.
Мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу, аналардың отбасындағы рөлін көрсету және ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Алдымен зал толы көрермен Ақкөл ауылдық мәдениет үйінің дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мерей Әжігереев, Ақкөл ауылдық округінің әкімі Әлімбай Әбдірахман мерекелік құттықтау тілектерін білдіріп, фестивальдің сәтті өтуін тіледі.
Үміткерлер «Сәлем – сөздің анасы» топ мүшелерін таныстыру, «Ұлттық дәстүрлер – тәрбие мектебі», «Үй тапсырмасы – отбасылық мәдениетті насихаттау», «Атадан қалған асыл сөз» ырым-тыйымдарға жедел жауап, «Мақал – сөздің мәйегі» тақырыптық мақал-мәтелдер айту, түсіндіру сынды бірнеше кезеңдер бойынша бақ сынасты.
Теңіз, Құрманғазы, Еңбекші, Орлы, Нұржау, Жаңаталап, Ақкөл ауылдық округтерінен қатысқан аналар мен отбасылар белсенділік танытып, өз өнерлерін ортаға салды. Шараны қорытындылаған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова фестивальдің маңыздылығына тоқталып, қатысушыларды алғыс хатпен марапаттады.