Қазақстандағы газ саласының көшбасшысы саналатын «QazaqGaz» ұлттық компаниясы биыл өз қызметінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы орайда еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар өткізіліп, сала ардагерлері мен үздік мамандар марапатқа ие болып жатыр.
Айта кетерлігі, бұл – ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген, кәсіби шеберлік пен адалдықты ту еткен азаматтардың ортақ мерекесі.
С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде еліміздің игілігі үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан Ақкөл желілік өндірістік басқармасының ұйымдастыруымен «QazaqGaz» ұлттық компаниясының құрылғанына 25 жыл толуына орай «Газбен өркендеген – 25 жыл» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Алдымен аудан әкімі Абат Жанғалиев «Бұл – білімді де білікті, өз ісіне адал адамдардың мерекесі. Газ саласы – ел экономикасы мен тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды сала. Соңғы жылдары газдандыру көрсеткіші қарқынды өсіп келеді» деп атаулы мерекеге орай құттықтау тілегін білдіріп, өзінің Алғыс хатын газтарату станциясының қызметкерлеріне табыстады.
Ақкөл желілік өндірістік басқарманың іргетасы алғаш рет 1988 жылы қаланып, «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбыры бойындағы өндірістік алаң ретінде жұмысы бастады. 1989 жылы Ақкөл желілік басқармасы өз алдына жеке құрылым болып қалыптасып, кейін 1991 жылы «Қазақ газ өндірісі» концерні құрамына енгізіліп, 1997 жылдан бастап «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының Атырау магистральды газ құбырлары басқармасының бөлімшесіне айналды.
Бүгінде басқарма – «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы құрамындағы маңызды бөлімшелердің бірі. Оның басты міндеті – халықаралық газ транзитін жүзеге асыру, ішкі нарықты табиғи газбен қамтамасыз ету және автоматты станциялар арқылы тұтынушыларға үздіксіз газ жеткізу болып табылады. Басқарманың басты нысандарының қатарында тәулігіне 60 миллион текше метр газ айдайтын қуатты компрессорлық станция, ұзындығы жүз шақырымға жуық магистральды құбыр және халықаралық транзиттік газды дәл есептейтін заманауи өлшеу станциясы бар. Ұжымда 80-ге жуық қызметкер және бірнеше мердігерлік мекемеден келген жұмысшылар еңбек етуде. Қауіпсіз еңбек жағдайы жасалып, әлеуметтік қолдау шаралары жылдан-жылға артып келеді. Жұмысшылардың денсаулығын сақтау, сауықтыру демалыстары мен медициналық қызмет көрсету жолға қойылған. Бұл – еңбек адамына деген құрметтің айғағы.
Сахна төріне еңбек майталмандарын марапаттау үшін Атырау облыстық магистралды газ құбыры басқармасы бас инженерінің орынбасары Қажымұқан Байболов шақырылды. Ол әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, басқарманың жетістіктеріне тоқталып, ҚР Энергетика министрінің атынан «QazaqGaz» ұлттық компаниясына 25 жыл мерекелік медалін сала ардагерлері мен өндірістік басқармада 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан озат қызметкерлердің өңірлеріне қадады. Осындай марапат газ компрессорлық қызметінің технологиялық компрессорлар машинистері, энергиямен, сумен қамту жұмысшылары, желілік пайдалану қызметінің құбыр жүргізушілері, электр газбен пісірушісі, операторлары, жерасты құбырларына электрохимиялық қорғау қызметінің монтерлеріне ұсынылды. Атырау магистралды газ құбырлар басқармасы директорының Алғыс хатымен бір топ үздік қызметкерлер марапатталды.
Құттықтау және марапаттау үшін Ақкөл ауылдық округінің әкімі Қадіржан Өтешов, Ақкөл желілік өндірістік басқармасының басшысы Асылбек Иманбаев сахна төріне көтерілді. Өздерінің алғыс хатын бірқатар қызметкерге ұсынды.
Салтанатты шарада С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, бишілер мың бұрала биледі.
Айнагүл Күнұзаққызы