Академия оқуға шақырады!

(0 Votes)

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы – бұл тиімді көшбасшылық пен кәсіби басқарушылардың зияткерлік платформасы. Оның стратегиясы кәсіби мемлекеттік аппараттың өзгермелі қажеттілігіне жедел ден қоюға және сол арқылы ел мен әлемнің игілігі үшін білімді қалыптастыруға, сақтауға және таратуға қабілетті ұлттық кәсіби оқыту жүйесін жаңғыртуға бағытталған. 

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша 2024 жылға арналған Академияның оқуға қабылдау ережелері ауданның мемлекеттік қызметшілеріне, квазимемлекеттік сектор ұйымдары мамандарына түсіндірілді. 

Ақпараттық сессияны ашқан аудан әкімі аппараттының басшысы Қайрат Бөлеков ауданға арнайы іссапармен келген лауазым өкілдерін таныстырып, алғашқы сөзді академияның Атырау облысы бойынша филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаровқа ұсынды. Ол мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша заңмен бекітілген мәртебесі бар жалғыз оқу орнының ерекшеліктеріне тоқталды. Одан әрі хабарлама жасаған білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі Назерке Ғалымжанқызы оқуға түсу ережелері мен құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерді айтып өтіп, оқу бағдарламалары туралы презентация жасады.

Магистратура мен докторантура бағдарламаларына қойылатын негізгі талаптарды түсіндіріп, конкурстық іріктеу кезеңдерінің және қабылдау алгоритмін түсіндірді. Жыл сайын магистратураға 120, докторантураға 10-нан аса грант бөлінеді. Биыл да осы көрсеткіш сақталады.

Айта кетейік, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасына өңірімізден әр жыл сайын 10-ға жуық мемлекеттік қызметші мансаптық өсуде батыл қадамдар жасап келеді. Олар негізінен Құрманғазы, Исатай, Жылыой ауданының және қаладағы мемлекеттік қызметшілер.

Кездесу барысында академия түлегі Жігер Жанханов әріптестерін кәсіби біліктіліктерін арттырып, білімдерін жетілдіруге шақырып, оқу орны тарапынан ұсынылатын жеңілдіктерді де тілге тиек етті. Шараны қорытындылаған аудан әкімі аппаратының басшысы Қайрат Бөлеков ауданымызға арнайы келіп түсіндіру жұмыстарын жүргізген лауазым өкілдеріне алғысын айтты.

Еске сала кетейік, академияға оқуға құжат қабылдау 1 сәуір мен 26 маусым аралығында өтеді. агистратура мен докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша 2024 жылға құжат қабылдау онлайн форматта жүзеге асырылады. Электронды құжаттарды академияның ақпараттық жүйесіне электронды түрде жүктеу қажет. Іріктеудің алғашқы кезеңі – Аналитикалық эссе жазу 29 маусымда нақты уақыт режимінде өтеді. Қорытынды кезең – Сұхбат – 1-20 шілде аралығында академия қабырғасында оффлайн форматта өтеді. Толық ақпаратпен www.apa.kz сайтында танысуға болады.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521