Ақкөлде мұнайшылар күні тойланды

(0 Votes)

Жуырда Ақкөл ауылдық округі Ақкөл өндірістік-желілік басқарма мекемесі мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күнін атап өтті. Бүгінде мұнай мен газды шын мәнінде елдің ұлттық игілігі деп атауға әбден болады.

Себебі, ел қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқаты тікелей осы салаға байланысты десек, артық айтқандық болмас еді. Осы жолда аянбай адал еңбек етіп, тынбай тер төгіп жүрген ерен еңбек ерлері қандай құрмет пен қошемет, мақтау мен мадақтауға да лайық.

Атаулы күн аясында Вокзал маңы алаңына 2 мыңға жуық адам жиналды. Алдымен Ақкөл ауылдық округінің әкімі Әлімбай Насихатұлы мен Ақкөл желілік-өндірістік басқарма басшысы Нұрбек Құрманқұлов кәсіби мереке иелерін құттықтап, ізгі лебізі мен ыстық ықыласын жеткізді.

Айта кетейік, Ақкөл желілік-өндірістік басқармасы 1988 жылы алғашында «Оңтүстік газ тасымалы» өндірістік бірлестігі құрамындағы «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырларына қарасты Редут желілік өндірістік басқарма қарамағындағы Ақкөл өндірістік алаңы болды. 1989 жылы 21 ақпанда Ақкөл желілік- өндірістік басқармасы болып бекітілді. Басқарма «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистральды газ құбырының 362-шақырымында және Ақкөл селосынан 4 шақырым қашықтықта орналасқан. Негізгі қызметі – газ тасымалдау. Аталған басқарма қызметкерлері қиындықта да, қуанышта да қоғам ортасынан табыла білді. Олар облыстық, аудандық, округтік деңгейде ұйымдастырылған шаралардың басы-қасында жүрді. Бір сөзбен айтқанда, бұл – бірнеше биік белесті бағындырып, жарқын жетістіктерімен еңбек майданының көрігін қыздырып жүрген үлкен ұжым. Сахнада сөз сөйлегендер осыны айрықша атап өтті.

Мерекеге орай алаңда балаларға арнап ойын алаңдары құрылып, жәрмеңке ұйымдастырылды. Сала ардагерлеріне дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Ал, ауылдық округ аппараты ауылдағы мекемелер арасында ұлттық және спорттық сайыстар өткізді. Атап айтқанда, тұрғындар кір тасын көтеру, қол күресі, арқан тарту және үстел теннисінен сынға түсті.

Қазақстанның мұнай-газ кешені қарқынды дамып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің қозғаушы күшіне айналды. Еліміздің мұнай-газ саласында еңбек ететін азаматтар алда тұрған міндетті абыроймен атқарып, индустриялық-инновациялық дамуға үлкен үлестерін қосып келеді. Сондай-ақ, газ өндірісі де – еліміздегі шикізаттың негізгі түрі, ал, оны өндіру – экономикамыз үшін стратегиялық маңызды салалардың бірі. Қазақстанда 250-ден астам мұнай және газ кен орындары ашылып, мұнай өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мұнай-газ секторы қызметкерлерінің қажырлы еңбегі мен дұрыс жолға қойылған мемлекеттік саясаттың арқасында өңірлерді газдандыру жалғасын табуда. Ендеше, «Айтыңдар алғыс мұнайшыларға еңбегі үшін, ертенін ойлап еліне қайрат бергені үшін, Қазақстанның болашағына сенгені үшін, өзінен артық Отанын жақсы көргені үшін» деген ән жолдары да тегін жазылмаса керек.

Шара барысында бір топ қызметкер мен сала ардагерлері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың бәрі де – қиындығы мен қызығы қатар өрілген мұнай-газ саласында ұзақ жыл еңбек етіп, алғыс арқалаған жандар. Атап айтар болсақ, олардың қатарында Н.Құрманқұлов, Н.Керейұлы, С.Белялов, Рухоллаевич, М.Құттымұратова, И.Құбашев, М.Садыков, Ж.Сатыбалдиев және Н.Сегізбаевтар бар. Ал, қалғандары округ әкімінің Алғыс хатын иеленді.

Иә, күй атасы Құрманғазыдан бастап Дәулеткерей, Дина, Бақыт, Әзидолланы, ән шебері Смағұлды, жыр алыбы Әбу мен Жұмекенді дүниеге әкелген, бұл – киелі күй елі Құрманғазы ауданы. Ендеше, жеті қабат жер астындағы байлықты оның үстіне шығарып жүрген майталман мұнайшылардың да осындай қасиетті топырақта туылуы таңқаларлық жайт емес.

Әділет АМАНГЕЛДІ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT