Ақкөлде ауданның мерейтойына орай шара өтті

(0 Votes)

Қазақ халқының рухани құндылықтарын және ел тарихының дамуын насихаттау мемлекетіміз алға қойып отырған басты міндеттердің бірі.

Бұл жас ұрпақтың бойында өткенімізге деген құрмет пен туған жерге деген сүйіспеншілікті, ертеңімізге деген сенімді ұялатады. Ел тарихы дегенде биыл ауданымыздың құрылғанына 95 жыл толғалы отырғанын айтпай кетуге болмайды. Осыған орай ауылымызда үлкен шара ұйымдастырылды. Бұл кештің ауыл тұрғындары есінде қалары сөзсіз. «Теміржол» мөлтек ауданы бейнебір ән-күй бесігіне бөленгендей. Вокзал маңы алаңы, мәдениет үйінің ашық алаңы тұрғындарды керемет көңіл-күймен құшағына орады. Балалар үшін батут, карусель ойындары ұйымдастырылып, тұрғындар немере-жиендерін еркіне жіберіп, бір-бірінің амандығын біліп, арқа-жарқа әңгімеге кірісіп кетті. Бір мезгіл түрік пен кәрістің мәнсіз сериалдарынан босаған үлкендер де мәз. Мәдениет үйінің ұжымының үлкен әзірлікпен келгендері көз тойдырып тұр: үлкен алаңға орнатылған сахна, декорациялық құрылымдар, көрермен жайғасатын орындар, жарық беретін музыкалық құралдар қойылған.

Шараны жүргізуші мәдениет үйінің әдіскері Жанат Сидегалиева көрермендерге қош келдіңін айтып, ауданымыздың 95 жылдық мерекесімен құттықтап, осы жылдардағы аудан тарихы, қол жеткен табыстар, еңбегі сіңген адамдар,болашағы туралы мазмұнды, мәнді хараблама жасады. Кеште жергілікті «Самғау» драма ұжымы мәдениет үйінің директоры Берік Жұмағазиевтің сценариймен жазылған күй атасы Құрманғазы бабамыздың күй анасы Динаға рухани мол мұраны келешек ұрпаққа жеткізуді аманаттап, домбырасын сыйға тартып, батасын беру көрінісін сәтті сахналады.

«Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаған. Музыка мектебінің түлектері, облыстық күй орындаушыларының жүлдегерлері Рахат Санжар мен Болат Бекназар (жетекшілері З.Даумова), әншілер Айнагүл Қайырова, Нұрлан Төлегенов, Рүстем Есенгелді, Қадыржан Хасанов, Гүлнарида Жолмұханова, Арай Амирова, аудан өнерпаздары Қадыржан Қапсиықов, Серікбай Мадиев, Ербол Зұлхарнаев, бірнеше Гала-концерттердің, республикалық «Дала сазы», «Жас дарын Қазақстан», халықаралық өнер сайыстарының бас жүлдегері Қазымбек Айна, мәдениет үйі жанындағы «Илигай» би тобының (жетекшісі Зарина Кәкімова) өнерлері көрермен көңілінен шықты.

Мерекелік кеш екінші Әнұранымызға айналған Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталып, сахнаға Мемлекеттік Туымыз шығарылып, көрермендер орындарынан тұрып қол соғып, ризашылықтарын білдірді.

Әбіш Сисенғалиев,

зейнеткер.

Ақкөл ауылдық округінің тұрғыны.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT