Ақ халатты абзал жан құрметтелді

(0 Votes)

Аудан әкімі медицина саласының ардагері Ғалия Кұталиеваны мерейлі 70 жасқа толуына орай қабылдады. 

Ел құрметіне бөленіп жүрген жоғары білімді, білікті дәрігер Ғалия Зинетоллақызы 1955 жылы 25 маусым күні Кудряшов ауылында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын 1979 жылы туған ауылындағы учаскелік ауруханада дәрігер-терапевт болып бастаған. 1984-1990 жылдары аудандық орталық аурухананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған. 1990-2010 жылдары Кудряшов учаскелік ауруханасында дәрігер-терапевт, бас дәрігер болып жұмыс жасады. 2010 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Кудряшов дәрігерлік амбулаториясында жалпы тәжірибелік дәрігер. 

Мерейгердің халық денсаулығын сақтауға қосқан үлесіне, өнегелі өмір жолына тоқталып өткен Абат Сайфоллаұлы: –  Денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы аянбай жұмыс жасап, өзіңіздің кәсіби біліміңізбен, біліктілігіңізбен және адамгершілік қасиеттеріңізбен халықтың зор алғысына бөленіп жүрсіз. Сіз сияқты ұлт саулығы жолында қажырлы еңбек еткен абзал жандардың өмір жолы кейінгі жас ұрпаққа үлгі. Қаншама жылдар бойы ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетіп, жас мамандарға тәлімгер болып, халыққа салауатты өмір салтын насихаттаған еңбегіңіз сізге деген сенім мен ризашылықты арттырды. Әлімжан аға екеуіңіз ұрпақ қызығын ұзағынан көріп, ел құрметіне бөлене беріңіздер, – деп Құттықтау хатын табыс етті.

Аудандық орталық аурухана ардагері Озат Ахметқалиев: – Ауыл дәрігеріне осындай құрмет көрсетіп жатқан аудан әкіміне ризашылығымды білдіремін. Ғалия Зинетоллақызы осы жерде туып, өсіп, мерейлі жасқа келгенше халыққа қызмет етіп келді. Институтты бітіріп елге оралғаннан кейін сізден үйренгеніміз көп болды. Осы уақытқа дейін тәрбие алып отырмыз. Аудан дәрігерлері ақыл-кеңес сұраса, қашанда көмегіңіз дайын. Жұмыс жасаған кезіңізде қазіргідей игіліктер болған жоқ. Талай қиындықтарды бастан өткердіңіз. Жаяу жүріп те аралап, тұрғындардың денсаулығын сақтауға үлкен еңбек сіңірдіңіз. Ол кезде интернет болмағандықтан диагноз қою дәрігердің білімі мен біліктілігіне байланысты еді. Өмір бойы ақ халатыңызға кір келтірген емессіз,– деп деніне саулық, отбасына амандық тіледі.

Аудандық орталық аурухананың директоры Саида Зулкашева: – Сіз ауданымыздағы білікті, тәжірибелі дәрігерлердің бірісіз. Өзіңіздей әріптесімізден үлгі алып, мақтан тұтамыз. Қазіргі күні сізден алған тәжірибемізді қолданып келеміз. Әлі де медицина саласында жұмыс жасай беруге шақырамын, – деп естелік сыйлығын ұсынды.

Осындай ізгі тілектер аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева, Кудряшов дәрігерлік амбулаториясы ұжымы, ардагерлері, мерейгердің туыстары атынан да айтылды. Барлығы да мамандығына адал өте жақсы дәрігер екеніне, алдына барған адамды мұқият қарап, сауығып кетуін қадағалайтынына тоқталды. Соңында Ғалия Зинетоллақызы өзіне көрсетіліп жатқан құрмет үшін аудан әкімдігіне, аудандық орталық аурухана басшылығына, күні-түні жүруді талап ететін қиын қызметте түсіністік танытып, әрдайым қолдай білген жолдасы Әлімжан ағаға, әріптестеріне ризашылығын білдіріп, еңбек еткен жылдары жайлы әсерлі әңгімелеп, ең бірінші елдің дені сау, ұрпақ аман болсын деген ізгі тілегін жеткізді. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT