- Мұқтаж жандарға әрдайым қолымыздан келгенше қол ұшын беру, олардың мерейін үстем ете түсу – біздің азаматтық парызымыз. Өйткені, адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес. Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Осы бағытта қолдан келгенше қайырымдылық шараларын ұйымдастыру бүгінде полиция қызметінің бір бөлшегіне айналған – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Найзабек Құбашев.
Өткен әзірде бөлімде өткен жиналыста оның шарапатты істерді жалғастыру туралы ұсынысын жеке құрам қызметкерлері бірауыздан қолдаған болатын. Учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Біржан Махмудов Жұмекен ауылы, Дәулеткерей елді мекенінің тұрғыны көпбалалы ана Екатерина Копрова көмекті қажет ететінін айтқан. Сол сәттен бастап полиция қызметкерлері қаражат жинап, үйдің жөндеу жұмыстарына жұмыла кіріскен. Оның барысында жаңа терезелер орнатылып, едендері ауыстырылды. Бұл отбасыға көгілдір отынның да қызығын көру бұйырды. Ас үйге газ плита сыйға тартылып, балаларына қысқы киімдер мен оқу құралдары сатып алынды.
Полиция қызметкерлері бұған дейін де талай игі істі тындырып келеді. 2021 жылы Жаңаталап ауылдық округіне қарасты Күйген елді мекеніндегі жағдайы төмен отбасының баспанасын көгілдір отынмен қамтамасыз еткен болатын.
Айнагүл Күнұзаққызы