Қайырымдылық – қадірлі іс

(0 Votes)

(«Құрманғазы» қоғамдық қорының жетекшісі Ерлан Тариховпен сұхбат)

2020 жыл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен «еріктілер жылы» болып жарияланды. Сіз жетекшілік ететін «Құрманғазы» қоғамдық қоры қай жылы, қандай мақсатта құрылды?

Қоғамдық қор 2018 жылы 22 наурызда іргесін қалады. Заңды түрде ресми тіркеуде жоқ. Негізгі мақсатымыз - тұрмысы төмен отбасыларға, ата-анасынан ерте айрылған балаларға, жастай жесірлік тауқыметін тартқан әйелдерге қол ұшын беріп Алла разылығын алу. Еріктілерден құралған топ мүшелерімен қасиетті әр жұма күні осындай көмекке зәру жандарға тегін тамақ үлестіріп бастадық. Әлі күнге дейін бұл үрдісіміз жалғасын табуда.

Еріктілер тобына мүше атанғысы келетіндер көп пе? Оларды таңдауда қойылатын арнайы талаптарыңыз бар ма?

«Whatsapp» әлеуметтік желісінде арнайы топ мүшелеріне арналған чат бар. Қазіргі таңда ол құрамда 72 адам тіркелген. Алайда, үнемі жұмыстың атқарылуына 15-20 шақты еріктілер ғана белсенді атсалысады. Ортамызға қосылуға асығатындар болса, қоятын нақты талабымыз жоқ. Бастысы көңілдің кеңдігі мен қолдың ашықтығы, пейілдің дұрыстығы ғой. Игі істерді ілгерілетуге ниетті жандармен қатарымыздың көбейгенін тілейміз.

Құрылған жылдан бері жүзеге асқан жұмыстар барысымен таныстырып өтсеңіз...

«Оң қолың бергенді сол қолың жасырсын» деген сөзді тұмар көргесін бе, жақсылық жасасақ жұртқа жария қылуға онша жүгіре қоймаймыз. Дегенмен жалғыз басым ешкімнің жыртығын жамай алмасы анық. Жаныма серік боп, көп пенденің көкірегіне сенім ұялатқан қор мүшелерінің де еңбегі үлгі етуге тұрарлық. «Мектепке жол» акциясы турасында оқушыларды мектеп формасымен қамтамасыз етуден шет қалмаймыз. Жұма сайын мұқтаж отбасыларға тамақ тарату барысында, олардың үй жағдайын да назардан тыс қалдырмайтынбыз. 2019 жылы Ораза айында аудандық мәдениет үйінде қызметкерлер Болат Бидуллаев пен Руслан Исмағұлов ұйымдастырған «Қайырымдылық – қадірлі іс» атты шарада көпшіліктің күшімен жинақталған қаржы есебінен алынған ең алғашқы жаңа үйдің кілтін Шортанбай ауылдық округінің тұрғынына табыстадық. Ізін ала сол жылдың аяғында Орлы селосынан тағы бір отбасы жаңа үйге қоныстанды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бағы жанып, баспаналы атанған жандармен ауылдас жастар да жақсылық көрсетуді жат көрмей, берекелі әрекеттің басы-қасынан табыла білді. Кезекті үшінші үй ағымдағы жылдың 17 қаңтарында 2-топтағы мүгедек, пәтер жалдауға қаражаты жетпей, қиын жағдайда өмір сүріп жатқан аудан тұрғынына бұйырды. Облыстық жұмыспен қамту орталығының басшысы Серік Хамидоллаұлы арнайы жаңа баспана иесін қуанышымен құттықтай келіп, газ-плита сыйға тартты. Үйдің құжаттарын кезексіз рәсімдеуде аудандық нотариус маманы Ғалия Ертайқызының ықпалы зор.

Алға қойған іс-жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

Сәті түссе, Сафон ауылдық округінде тұратын тұл жетім Бекжан атты бауырымызға үй беру мәселесін шешуді ойға алудамыз. Өзімен қоса бір қарындасы, екі інісі шынында да босағасы берік,төбесі бүтін баспананы қажет етеді. Маңызды жайттың оң нүктесін қоюға мұрындық болам деушілер болса Жастілек Оңашевтің каспий голд карточкасы номеріне (5169 4971 9774 6583) қалаған сомасын жіберуге рұқсат. Сол негізгі мақсатымыз орындалса, алға қарай тағы да осы тұрғыда тыраштансақ дейміз. Күнделікті тұрмыста пайдаға жарар күнтізбелер, қоқыс салатын қораптар шығарып, сатылымнан түскен ақшаны сауапты тірлікке жұмсағымыз келеді. Азық-түлік дүкендеріне қайырымдылыққа қаржы жинайтын жәшіктерді орнату да көкейімізде жүр.

Қордың іс жүргізуіне қаржылай демеушілікте белгілі бір ұйымдар немесе жеке тұлғалар бой көрсете ме?

Жоғарыда айтып өткенімдей, тұрақты 15-20 шақты жаны жомарт азаматтар қайырлы істердің қарасын үзбеуге септігін тигізіп жүр. Солардың арасында бастамашы ретінде бірқатар маңызды мәселеде білек сыбанған Ерлан Нұрбаев,Жастілек Оңашев, Асқар Несіпқалиұлына ерекше ризашылық білдіремін. Ауданымыздағы жас кәсіпкерлер де қажетті жағдайда қалтасынан қаражатын бөлуге әзір. Үшінші берілген баспанаға қажетті қаржы әртүрлі елді-мекендердегі халықтың демеуімен бір күнде 700 мыңға дейін жеткен еді. Сонымен қатар, кәсіпкер Роман Рахимов Серпер базарындағы 1 бутикті тегін қолдануға мүмкіндік көрсетуде. Онда киілген, таза киімдер пайдалануға беріледі. Күндізгі мезгілде әр адам қажетті киімін алуға немесе тапсыруға құқылы. Харекет түбі берекет дегендей, барша аудан халқын жақсылықтың жаршысы атануға шақырамын!

Істеріңізге сәттілік тілеймін! Рахмет!

Сұхбаттасқан: Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521