«Айыппұлды да місе тұтпайды»

(0 Votes)

Биылғы жылы күзгі терек егу акциясына байланысты РТС ауылындағы қоқыс алаңы маңындағы аймақтың 1 гектар жерін алып, қоршау жұмысы жүргізілді.

Қазан айында сол қоршалған орынға аудан, округ әкімшілігі бастамасымен 700 жас шыбық егілген еді. Бүгінде олар күтімге алынған. Құрманғазы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Алмас Нурмухановтың берген мәліметінше, жас шыбықтар алаңнан шыққан түтін иісін, лас ауаны жою үшін арнайы отырғызылған. Сондай-ақ, санитарлық талапқа сәйкес кейбір ескі контейнер алаңдарының орындары ауыстырылып, қосымша жаңа контейнер алаңдары салынған. Енді оған қажетті жаңа контейнерлер келесі жылы алынады деп жоспарланып отыр. Көше тазалығын қадағалау мақсатында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлескен түрде рейд шаралары үздіксіз жүргізіліп тұрады. Айналасы қоқыстан арылмайтын үй иелері мен сиырын қараусыз жіберетін жандарға айыппұл салынған. Заңсыз қоқыс алаңдары анықталып, орны жинақталған. Алайда, айыппұлдың өзін місе тұтпайтын, қанша тазалыққа үндеген жиналыс өткізіліп жатса да, сенбіліктің өзіне шығуға құлықсыздар жетіп артылады екен.

Тазалық – денсаулық кепілі. Деннің саулығы – тұтас халықтың саулығы. Осы «қанатты сөзді» қиюын келістіріп тілге тиек еткенде алдымызға жан салғымыз келмейді. Алайда, ол іске келгенде қаперімізге кіріп-шығар емес. Мүмкін, «тегіннің тұзы татымайды» деген осы шығар. Қалалық жердегідей әр ай сайын шығарылған қоқыс-қалдығы үшін қалтадан қағылып отырар жағдай болса, мұндай тазалыққа немқұрайлылық тыйылар ма еді?! Әр контейнер алаңының жанында бақылау бейнекамерасы тұрса «тентектер» аяғын тартып жүрер ме еді?! Ал, көше тазалығына жауапты қызметкерлер өртенген контейнерлердің де ортасында, кір суы мен бүкіл күл-талқанның үстінде қанша жылдан бері табан тоздырып жүр. Бір күндік қана «жанкешті» жұмысты барлау кезінде басқан «ырымға жаман жерлерім» ойыма сан мәрте оралып, ішімнен «Е, Құдайым, сақтай көр!» деген тілегімді қайталай бердім...

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521