Айтып келмейтін апатқа бейқамдық танытуға болмайды

(0 Votes)

Облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының кезекті отырысы селекторлық режимде өтті.

Комиссияға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев күн тәртібімен таныстырды. «2020 жылдың көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі, «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу жөніндегі шаралар кешені» жол картасының жүзеге асырылу барысы» туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары А.Ержанов хабарлама жасады. – Облыс аумағында көктемгі су тасқынын қауіпсіз өткізу және ықтимал шығындарын азайту мақсатындағы іс-шаралар жоспары аймақ басшысымен бекітілген болатын. Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрлігі Астрахань, Волгоград және Орынбор облыстарының бас басқармаларымен гидрологиялық мәліметтер бойынша тығыз байланыс орнатылып отыр. Айта кетсек, өңірдің су тасқынына бейім аймағында 1 қала, 4 аудан, 34 елді мекен, 8474 тұрғын үй және 27258 адам тұрады. Республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардан 28 қауіпті учаске белгілінген болатын. Оның жалпы ұзындығы 166 шақырымды құрайды. Су тасқынының алдын алу және жою үшін жанар-жағар май материалдары 8464 тонна, инертті материалдар 1949 тонна, 39753 мыңнан астам қап, палаткалар 45 дана, кереуеттер мен төсек жабындылары 6358 дана дайындалды. Төтенше жағдайларды жоюға биыл облыстық бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам қаражат қаралды. Оның 1 млрд.-тан астамы аймақтың төтенше резервіне және 6 млн.-ға жуығы шұғыл шығындарға жұмсалмақ. Облыс аумағында 1967-1999 жылдар аралығында тұрғызылған 456 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеттері бар. Олардың 140 шақырымы күні бүгін қайта жөндеуді қажет етуде. «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу жөніндегі шаралар кешені» жол картасы бойынша бір шара орындалды. Құрманғазы ауданында ұзындығы 66,9 шақырымды құрайтын бөгеттерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. – дей келе, азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарының жалпы саны, жол картасы бойынша алдағы уақытта атқарылатын істер бойынша толық мағлұмат берді.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге орай «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау облысы бойынша филиалының директоры С.Төленов, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Р.Джанглишов, Махамбет ауданының әкімі Ж.Ахметов қосымша хабарламаларын ұсынды. Комиссия төрағасының орынбасары Әлібек Ибатоллаұлы Құрманғазы ауданының көктемгі су тасқынына дайындығын, қауіп келтіріп тұрған аймақтарды сұрады. Оған жауап қайтарған аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров: - Бізде өр суы кезінде қауіп келтіретін негізінен Шортанбай, Көптоғай және Дыңғызылдағы Қаражар, Данай аумақтары. Оларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ,оны жылда су шайып кетіп отыр. Осыған орай, аталған аумақтар темір бетоннан мықты етіп қорғаныс орнатуды қажет етеді. Күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, 150 млн. теңге қаржы сұралды. Алайда, күні бүгінге дейін қаражат бөлінбей отыр, - деді.

Мәселені қорытындылаған Ә.Нәутиев су тасқынынан қорғану да үлкен жауапкершілікті жүктейтін шара екенін атап өтіп, қауіп төндіріп тұрған аудандардағы аумақтарда ескеретін жағдайларды пысықтап, назарда ұстауды тапсырды.

«Жазғы кезеңдегі суға шомылу маусымына облыстың су тоғандарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі», «Қауіпті өндірістік нысандарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша жергілікті атқарушы органдар мен мүдделі мекемелердің өзара қарым-қатынасын ұйымдастыру» жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау бөлімінің бастығы Берік Құрманәлиевтің хабарламасы тыңдалып, қаперге алынды. Басқа аймақтарда халыққа арналған бірнеше жағажай бар болса, Атырауда тек екеу ғана дейді хабарламашы. Соңғы жылдары олар да дұрыс жұмыс жасап тұрған жоқ. Сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкерлер мұны жағажайды қалыпқа келтіруге кеткен қаржының ақталмауынан деп түсіндіріпті. Сондай-ақ, департамент өкілдері қала сыртында орналасқан демалыс орындарындағы қауіпсіздік шаралары туралы да айтты.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521