Қайтарымсыз қаржы – мемлекеттік қолдау

(0 Votes)

Жақында Құрманғазы аудандық жұмыспен қамту орталығында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті.

Мемлекеттік грант беру қағидаларына сай гранттар жиырма тоғыз жасқа толмаған жастарға, аз қамтылған отбасы мүшелеріне, көп балалы отбасыларға, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін жәрдемақыларды алушыларға, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандарға беріледі. Гранттар қаражаты кәсіпкерлік қызметті бастауға ниетті адамдарға сол кәсіпке қажетті мүкәммалды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, өсімдіктерді сатып алуға, ғимараттарды жалдауға беріледі. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде (1225,2 мың теңге) берілетінін айта кетейік.

Соңғы талаптарға сай адам факторының араласуына жол бермеу мақсатында грант алуға үміткер өзінің электронды сандық қолтаңбасы арқылы «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша «Business.enbek.kz» порталы арқылы тіркеліп, кәсіпкерлік негіздеріне оқып, сертификат алады. Сертификат алғаннан кейін қаралған қаржы мөлшеріне сай әр айда грант алуға үміткер ретінде 10 жұмыс күні ішінде    «Business.enbek.kz» порталы арқылы өтінішін тіркейді. Өтініш тіркеу аяқталғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде комиссия отырысы өткізіледі. Грант беру жөніндегі ақтық қорытынды комиссия хаттамасымен беріледі. Комиссия отырысының өтетін орыны, күні және уақыты грант алуға кандидаттың жеке кабинетінде көрсетіледі.

Қазан айына жоспарлы бөлінген 21 адамға қаралған қаржыдан грант алуға ниетті 70 адамның өтініші порталда қабылданды. Комиссия отырысының қаулысы бойынша 21 адамның өтініші мақұлданды. Олардың ішінде қызмет көрсету саласына 11 адам (фасфуд дайындау-2, пластик терезе дайындау-1, тігінші -3, кондитер-2, тұрмыстық техника жөндеу-2, маникюр-1), мал шаруашылығына-9, құс шаруашылығына-1 адам грант жеңімпазы болып танылды. 21 адамның 5-і жастар, 12-сі көп балалы отбасы мүшелері,4-і мүгедектігі бар жандар.Оларға жалпы көлемі 25,729 млн. теңге қаржы ай соңына дейін аударылатын болады.

Қайтарымсыз грант жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен көмек. Бұл көмекті алуға үміткерлердің саны да күн санап көбеюде. Грант беріле бастаған 2018 жылдан бастап аудан бойынша барлығы 320 адам алса, биылғы жыл басынан бері 79 адам оған қол жеткізіп жұмыс жасауда. Тағы 140 адам осы мақсатта оқып, сертификаттарын алып әзір отыр. Сертификат алу бағытындағы оқу жалғастырылуда. Жыл соңына дейін қосымша қаражат сұратылып, күтілуде.
Г.Кумарова,
аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521