Бір отбасы баспаналы болып қуанышқа кенелді. Жаңаталап ауылдық округінің «Иман жастары» ауыл тұрғыны Ақылбек Молдағалиевтің бірнеше жылдан бері үйсіз жүргенін айтып, аудандық мәслихаттың депутаты Әнуарбек Сабитовтен көмек сұраған еді.
Отағасы жұмыссыз қалған бұл отбасы бес жыл бойы пәтерден-пәтерге көшіп, тіпті сарайда тұрып, көп қиындық көрген. Аудандық мәслихаттың депутаты Әнуарбек Сәбитов жастардың сөзін жерге тастамай аудандық «Темірәлі» мешітінің бас имамы Еламан Бегалиевпен сөйлеседі. Бас имам бұл отбасының жағдайын көргеннен кейін үй алып беруге мешіт жамағатынан көмектесулерін өтінеді. «Көл тамшыдан құралады», дегендей намазхандардан үш миллион үш жүз мың теңге ақша жиналады. Осы қаражатқа Ақылбек Молдағалиевтің отбасына сыңғырлап тұрған, бес бөлмесі, екі дәлізі, асүйі, алдында кең ауласы бар баспана сатып әперілді.
Аталған азаматтың жұбайы мен алды 10, кішісі 7 жастағы үш қызының қуанышында шек жоқ. Өздеріне көмек қолын созғандарға шексіз ризашылығын білдіріп жатты. Осыдан-ақ олардың үнемі көшіп-қонудан запы болғаны байқалады. Баспанадан қиындық көрген отбасына үй тапсыру салтанатына Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Сұңғат Бірәлиев, аудандық мәслихаттың депутаты Әнуарбек Сабитов, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Сапарғалиев бастаған ауыл ақсақалдары, Хиуаз ауылының «Иман» жастары қатысты.
Округ әкімі Сұңғат Бірәлиев, «Темірәлі» мешітінің бас имамы Еламан Бегалиев, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Сапарғалиев құттықтап, жаңа баспананың іші құтты болсын деген ізгі ниеттерін білдірді. Үйдің алдына керілген лентаны «Темірәлі» мешітінің бас имамы Еламан Бегалиев пен округ тұрғыны Ақылбек Молдағалиев қиды. Азан шақырылып, бата берілгеннен кейін үй иелері мен шараға қатысушылар намазхан жастар әзірлеген дастарханнан дәм татты.
Айта кетейік, аудандық «Темірәлі» мешітінің бас имамы Еламан Бегалиевтің ұйымдастыруымен мешіт жамағаты ауданымыз бойынша баспанадан қиындық көріп жүрген – 8, Хиуаз ауылында – 3 отбасына үй алып беріп отыр.
Қанат ҒҰМАРОВ