Айт күні балаларға қуаныш сыйлады

(0 Votes)

 

Құрбан айттың екінші күні ауданымыздағы округтерде, аудан орталығының өзінде ауыл тұрғындары Самаркин, Құрылысшылар ауылы, Кіресті, РТС, Бұзаусылан ауылдарында мерекелік шаралар ұйымдастыруда. Соның бірі – Кіші Ганюшкин ауылында өтті.

«Алтын арал» ғимаратының арқа жағында балалар үшін екі жерге тегін батут, каруселдер, айналма ойыншық автокөліктер қойылыпты.

Одан бөлек Құрбан айт мерекесінің құрметіне тегін сусындар мен балмұздақтар таратылды. Жазғы самал ескен жаға бойында киіз үй құрылып, қазан көтерілуде.

Біз барғанда бір қазан ет бүлк-бүлк қайнап, жанындағы жігіттер оған қосатын тұздықтарын дайындау үстінде екен. Санаулы минуттардан кейін Айт дастарханы жайылып, барлық қатысушыларға ас берілмек. Келушілерге шектеу қойылмайды.

Құрманғазы ауылдық округінің тұрғыны, көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері Әлия Әбдешова:

– Жылма-жыл өтетін Құрбан айт мерекесімен бәріңізді құттықтайын! Шалған малдарыңызды Алла Тағала қабыл етсін! Бүгін Құрбан айт мерекесінде Кіші Ганюшкин ауылының азаматтары бүлдіршін балаларымызға үлкен қуаныш сыйлап отыр. Жетпіске жуық балалар осы жерде тегін ойын-сауық құрып, батуттарда ойнап, сусындар ішіп, балмұздақтар жеуде. Осындай шара ұйымдастырған азаматтарды Алла жарылқасын. Ата-аналар атынан баршасына алғысымыз шексіз. Балаларымыздың болашағы жарқын болсын. Деніміз сау, бейбіт өміріміз баянды болып айттан-айтқа жете берейік дегім келеді,– деді бізбен әңгімесінде.

Мерекелік шараның басы-қасында жүргендердің бірі, жеке кәсіпкер Ерлан Тарихов:

– Біз Жаңа жылды тойлаймыз. Сол күні балалар үлкен қуанышқа кенеліп, сыйлықтар үлестіріледі. Құрбан айт бабаларымыз атап өткен үлкен мереке. Азаматтар болып ойлана келе, ендеше бұл күні де бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайық деп шештік. Батуттар мен ойын құралдарын беріп жатқан жеке кәсіпкер Қайрат Зинуллинге ризашылығымызды білдіреміз,– дейді.

Бала біткеннің қуанышында шек жоқ. Жүздері бал-бұл жанған оларды көріп, «Қуантсаң баланы қуант», деген сөз текке айтылмағанын көрдік. Айт мерекесін осылай тойлап жатқан барша азаматтардың жұмыстары сауапты болып, жақсылықтары алдарынан шықсын деген тілектеміз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521