Қайсар рухты Махамбеттің қайын жұрты

Рейтинг: 0 / 5

Туған халқы үшін «қасарысқан жауына қанды көбік жұтқызған» ер Махамбеттің есімі қойнауы терең тарих бетінен де, көңіл төрімізден де ешқашан өшпейтіні мәлім.

Оның жанқиярлыққа толы жұмбағы мол ғұмырының кейбір парағы әлі күнге дейін жүйелі зерттеуді талап етеді.

Көзімді ашқан сәттен-ақ, аунап-өскенім ыстық құмның бауыры болғандықтан, қазіргі таңда да сол кіндігім қесілген құтты жерге ең құрығанда айына бір рет табаным тимесе жаным тағат таппайды. Аудан орталығынан жұмақ ордама айналған Ниетбайға алып барар бас-аяғы алты сағатта жолымдағы әр төбе мен сайдың өзіндік сырына үңілемін, зор ықылас-пейіліммен көз тастаймын. Ерекше назарым ауатын «Қара-айғыр» елді-мекенінің батыс арқалығы «Қайралап» деген жер. Бұл өр рухты Махамбеттің қайын атасы Манан (кейбір деректерде Манап) бабамыздың сүйегі жатқан киелі орын деседі. Яғни аруақты ақынның бірінші әйелі Ұлтуғанның Шеркеш руының Қылышкестен бөлімінен тараған әкесі. Түбі бір руласымыз жайлы алғаш рет әжем Қазираның аузынан естігенмін. Көпті көрген кейуанамыз: «Манан баба – біздің төртінші атамыз. Мәйіті Қайралап қорымында, нақты қайсы екенін тап басып көрсете алмаспын» деп өзінің атекесінің айтқанынан жадында қалғанын жаңғыртып отыратын. 2003 жылы Махамбеттің туғанына 200 жыл толуына орай әдебиет майталманы Әбіш Кекілбаев тың деректерді тауып, ақ-қарасына көз жеткізу үшін Манан ата жөнінде іздеу салған болатын. Әжемнен естіген мағлұматты дереу жүйелеп жазып алып, Әбіш ағаға хатпен хабарладым. Одан кейін де арғы атамыздың өмір ақиқатын анықтау ісін перзенттік парызым санап, күн тәртібімнен кейінге ысырғаным жоқ.

Кейбір зерттеу жұмыстарына сүйенсек, Манан бабамыз XVII ғасырдың II жартысында дүниеге келсе керек. Тұрғылықты өмір сүрген өлкесі Нарын құмы, Сасықтау мекені. Орта жағдайда тұрмыс кешкен. Ауылына сыйлы, ағайын-бауырларына қайырымды, кішіпейіл жан болған. Маңдайына шаң тигізбей өсірген қызы Ұлтуғанның ғұмыры қанды қырғыстың бел ортасында өтіп жатқан Махамбетке тұрмысқа шығуын басында жұбайы екеуі құптай қоймаған. Көп ұзамай келісімін беріп, екі жастың қосылуына ықпал еткен. Махамбет қуғындалып, айдауға салынғанда қыздарын жиендерімен қолында ұстап, тәрбиеден кенде қылмаған. 1841-1842 жылдары Қалдығайты өзенінің жағасында тұрақтап, шаңырақ көтерген тұста, ұзақ жылдар азаматын асқан төзімділік, адал сезіміне қылау түсірмей күткен Ұлтуғанды Нұрсұлтан ұлымен еріне жіберіп, табыстырған. Сағынышпен көріскен асыл жар батырдың өмірінің ақырына дейін бірге болған. Адамдық қасиетінен аттамаған Манан баба жерленген «Қайралап» жеріне 1964 жылы Бекжан атты атамыз уақыт еткен тұста жаңаша белгі қойылған. Бүгінде ол «Қылышкестен шеркеш» қауымы деп аталады.

Батыр ұзақ жорыққа аттанғанда, амандығын тілеп, жұртта қалған шаңырағын берік ұстап, бала-шағасына бас-көздік таныту әрине оның жарына аманатталады. Бұл мәні зор міндетті адал атқаруда Ұлтуған жардың жіберген ағаттығы жоқ дей аламыз. Себебі асыл ердің майда-шүйде тірлікпен маза қашырмай, ел қорғау ісінде кеудесін кең жазуына бірден-бір себепші адамы – құдай қосқан қосағы. Ел аузында тағылымы мол аңыз жатталған. Мазмұнын қысқа қайырсам, Ұлтуған ана Махамбет батыр айшылық алыс жол жүрерде, құстың мамығынан жасаған жастықты ұсынған, қатты қажығаныңда желкеңе жұмсақ қыларсың, әйтеуір бір қажетіңе жарар деп. Айтқандай, атақты ер кенеттен кездескен бір топ жаудың астындағы атына құс жастықтың шетін жыртып, ақ мамықты шашып жіберген. Солай аттарының көзін «шел» басқан жаудың бетін ер Махамбет еркін еңсерген екен. Бұл тұста, Ұлтуған ананың асқан көрегенділігін, даналығын, тек-тамырының тегін емесін анық аңғарамыз.

Ер Махамбет 1846 жылы 19-қазан күні түс шамасында Баймағамбет сұлтан арнайы жұмсаған жаналғыштардың қиянатымен жан тапсырады. Оның қазасы Орловск форпостында шаруамен жүрген Шекара комиссиясының шенеунігі Редкиннің жазған протоколы негізінде баяндалған. Редкин Махамбеттің әйелі Ұлтуған мен Типанның берген мәліметіне сүйенген.

Ұлтуғаннан Махамбет бір ұл, екі қыз сүйген. Тарихи деректерге сүйенсек, ұлы Нұрсұлтан 1835 жылы туып, 1902-1903 жж. шамасында қайтыс болған. Нұрсұлтанды Махамбеттің өзі 1844 жылдың 25 желтоқсанында Орынборға оқуға апарған. Махамбет қаза таппас бұрын, ол немере ағасы Жәміл Тілемісұлымен Байнақ ауылына кеткен. Нұрсұлтаннан Сауғабай атты ұл тараған. Сауғабай Мырзағали, Шәкір атты балаларымен 1930 жылдары Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданына көшіп, кейін Орынбор асады. Содан ел ішіне қайтып оралмаған.

АБУЛХАИРОВ Жеңіс Ғалижанұлы,

«Мақаш» өндірістік кооперативінің директоры

COVID 19

covid

Соңғы жаңалықтар

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян жаңалығы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

logotype

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

“Серпер” ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлiгi Ақпарат
комитетінде 2018 жылы 16 мамырда тiркелiп, № 17103-Г куәлiгi берiлген.
Мекенжайымыз: Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылы,
С.Көшекбаев көшесі, 25 үй.
Индекс 060400.
Байланыс телефоны: +77123321570, +77123321478.


Яндекс.Метрика